Астанада 12 наурызда бірінші ауысымдағы оқушылар мен кейбір колледж студенттері қашықтан оқиды

Астанада бейсенбі, 12 наурыз күні мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің бір бөлігі қашықтан оқыту форматына көшеді.
Бұл туралы сәрсенбі кешке қалалық білім басқармасы әлеуметтік желілерде хабарлады.
Мәліметке сәйкес, ауа райының нашарлауына (желдің күшеюіне) байланысты 12 наурыз 2026 жылы бірінші ауысымдағы 0–11 (12) сынып оқушылары және 9-сынып базасында оқитын колледждердің 1–2 курс студенттері қашықтан оқиды.
Бұған дейін де қолайсыз ауа райына байланысты сәрсенбі күні мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің бір бөлігі бірінші ауысымда қашықтан оқытуға ауыстырылған. Ал 10 наурызда екінші ауысымдағы 0-ден 8-сыныпқа дейінгі оқушылар қашықтан оқыған.
Синоптиктердің болжамынша, Астанада бейсенбі күні ауыспалы бұлтты ауа райы күтіледі, кей уақытта қар жауып, боран соғады. Жел оңтүстік-батыстан соғып, жылдамдығы 15–20 м/с, екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетеді. Түнде кей уақытта 30 м/с және одан да жоғары болуы мүмкін.
Ауа температурасы түнде 13–15 градус аяз, күндіз 3–5 градус аяз болады.


