АҚШ-тың 103 жастағы неврологы Говард Такер әлемдегі ең қарт дәрігер ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді

АҚШ-тың неврологы Говард Такер 103 жасқа дейін кәсіби қызметін тоқтатпай, әлемдегі ең қарт дәрігер ретінде тарихқа енді. Оның жетістігін Гиннестің рекордтар кітабы ресми түрде танып, рекордсмендер тізіміне қосты.
Такер 1947 жылдан 2022 жылға дейін дәрігерлік тәжірибе жүргізген, кейін өз саласында өмірінің соңына дейін дерлік жұмысын жалғастырған. 2021 жылы, 98 жас 231 күн болған кезде, ол ең қарт тәжірибелік дәрігер ретінде танылған.
Кейін бұл көрсеткіш жаңартылды: Такер 103 жас 83 күнге дейін еңбек етіп, абсолют рекордты бекітті. Дәрігер 22 желтоқсан 2025 жылы қайтыс болды.
Кливлендтен (АҚШ) шыққан дәрігер неврологияға ондаған жылын арнап, университеттік ауруханаларда жұмыс істеді және Cleveland Clinic – Hillcrest ауруханасында (Огайо штаты, АҚШ) бөлімше басшысы қызметін атқарды.
Ол сондай-ақ Case Western Reserve университетінде сабақ беріп, болашақ дәрігерлермен қатар заң факультетінің студенттерін де оқытқан. Медицинадан бөлек, Такердің заңгерлік білімі де болған.
COVID-19 пандемиясы кезінде де ол алдыңғы шепте қалып, St. Vincent Charity медициналық орталығында науқастарды емдеп, жас мамандарды оқытқан.
Әріптестері мен шәкірттері оның ерекше диагностикалық қабілетін атап өткен: көп жағдайда оған күрделі зерттеулерсіз-ақ, науқасты мұқият тыңдау жеткілікті болып, нақты диагноз қоя алған.

Дәрігер өмірінде отбасы мен адамдармен қарым-қатынас ерекше орын алған. Оның төрт баласы және он немересі бар. Немересі Остин Такер Гиннестің рекордтар кітабының баспасөз қызметіне атасының мінезіндегі басты қасиет қызығушылық болғанын айтқан.
"Ол 90-нан асқаннан кейін де жаңалыққа ашық болды, технологияны және айналасындағы әлемді түсінуге ұмтылды. Егер бір нәрсені білмесе — міндетті түрде үйренетін", — деп еске алады дәрігер Такердің немересі.
Дәрігердің өмір жолы немересі режиссер Тейлор Тальяниеттимен бірге түсірген "What’s Next?" деректі фильміне негіз болды.

Жоба авторлары белсенді ұзақ өмір сүрудің және аға буынның қоғамға қосатын үлесінің маңызын көрсетуге ұмтылған.
Говард Такер пациенттердің жадында жоғары деңгейлі маман ретінде ғана емес, сондай-ақ әзіл-қалжыңы жарасқан, мұқият әрі адамдар тағдырына шынайы көңіл бөлетін жан ретінде сақталды. Ол қабылдауда жиі кідіріп, әр пациентке жоспарланғаннан да көбірек уақыт бөлуге тырысқан.




