Тоқаев «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турниріне дейінгі кері санауды іске қосты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев интерактивті форматта «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің басталуына дейінгі кері санауды іске қосты.
Презентация барысында Мемлекет басшысына турнирдің негізгі дисциплиналары мен жарыс форматы таныстырылды. Атап айтқанда, фиджитал-баскетбол, фиджитал-футбол, MOBA Mobile, MOBA PC және фиджитал-екпе-жек бағыттары көрсетілді.
Фиджитал-атлеттердің халықаралық мультиспорттық турнирі «Болашақ ойындары – 2026» Астанада 2026 жылғы 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді. Ұйымдастырушылар 100 мыңнан астам көрермен келеді деп күтеді, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен фиджитал-атлеттердің қатысуы жоспарланған.
«Болашақ ойындары» (Games of the Future) — цифрлық және физикалық белсенділіктерді біріктіретін халықаралық турнир. Алдымен спортшылар цифрлық форматта (мысалы, приставкада, компьютерде немесе мобильді құрылғыда) бақ сынасады, кейін жарысты физикалық форматта (мысалы, футбол алаңына шығып) жалғастырады.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Alem.ai жасанды интеллект халықаралық орталығына барған кезде бірқатар білім беру бастамаларын іске қосуға қатысқан болатын.


