Қазақстандықтар ең жиі жалақының кешігуі мен еңбек шарттарының бұзылуына шағымданады — Мейрамбек Ахметов

Қазақстандықтар көбіне жалақының кешігуі, ақшаның төленбеуі және еңбек шарттарының бұзылуына қатысты шағымданады. Бұл туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Мейрамбек Ахметов мәлімдеді.
Ахметовтің айтуынша, азаматтардың өтініштері күн сайын комитеттің орталық аппаратына да, өңірлік департаменттеріне де келіп түседі.
Ол шағымды комитеттің платформасы арқылы беруге болатынын, сондай-ақ қабылдауға жазылу мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, өңірлердегі департамент басшылары, өзі және орынбасарлары азаматтарды тұрақты түрде қабылдап, мәселелерін тыңдап, шешуге көмектеседі. Бұл туралы ол СЦК брифингінде айтты.
Комитет төрағасы еңбек инспекторлары өз құзыреті аясында тексеріс тағайындап, хат жолдап, нұсқама беріп және өзге де шаралар қолдана алатынын жеткізді.
Ахметовтің мәліметінше, азаматтар негізінен жалақы төленбегенде, уақытында төленбегенде, жалақы бойынша кешігу болғанда, сондай-ақ әлеуметтік аударымдар мен зейнетақы төлемдері аударылмаған жағдайда жүгінеді.
Сонымен қатар, оның айтуынша, қазақстандықтар еңбек қауіпсіздігі саласындағы бұзушылықтарға да шағымданады.
Мысалы, кәсіпорындарда жеке қорғаныс құралдары берілмегенде немесе нұсқама жүргізілмегенде өтініштер түседі. Ахметовтің айтуынша, комитет мұндай мәселелерді жұмысқа қабылдап, жауап береді, ден қою шараларын қолданады, тексеріске шығып, нұсқама жазып, әкімшілік айыппұл салады, ал кей жағдайларда заңнаманы түсіндіреді.


