Ұлттық банк зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу үшін жеткіліктілік шектерін көтеруді қолдайтынын айтты

Ұлттық банк зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу үшін жеткіліктілік шектерін көтеру мәселесіне қатысты ұстанымын білдірді. Бұған дейін шектердің көтерілуі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде анонсталған болатын.
Бүгін Сенаттағы брифингте Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабековадан осы мәселеге қатысты реттеушінің позициясы сұралды.
Молдабекованың айтуынша, зейнетақы қорынан алуға қатысты шекті жеткіліктілік деңгейлері қазір Ұлттық банк, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасында талқыланып жатыр.
«(...) Біз шынымен де шектерді көтеруді қолдаймыз, өйткені бұл қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттырады және азаматтарымызды болашақта зейнетке шыққанда қорғайды. Біз шектерді көтеруді қолдаймыз, өйткені зейнетақы активтерінің өте маңызды әлеуметтік мәні бар функциясы — қартайғанда жеткілікті деңгейдегі зейнетақымен қамтамасыз ету», — деді ол.
Жеткіліктілік шектері нақты қалай өзгеретіні әзірге белгісіз: мәселе талқылану үстінде. Ұлттық банк төрағасының орынбасары шешім қабылданғаннан кейін барлық ұсыныстарды жариялайтынын айтты.
Бұған дейін Еңбек министрлігінің басшысы Асқарбек Ертаев зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу үшін жеткіліктілік шектерін қайта қарау осы жылдың мамырында мүмкін екенін хабарлаған.
Контекст
Бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шектерін есептеу тәсілін өзгерту ұсынылғаны айтылған. Қолданыстағы әдістемеде ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, базалық төлем және күнкөріс минимумы ескерілсе, ұсыныс бойынша актуарлық тәсілге — адамның жасы, күтілетін төлемдер, кірістілік және демографиялық деректерді ескере отырып — көшу қарастырылған. Алайда жаңа формуланың нақты параметрлері мен түпкілікті шешім қабылдау мерзімдері ол кезде аталмаған.
2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша БЖЗҚ-да біржолғы зейнетақы төлемдеріне қатысты 4 384 032 өтініш орындалған. Оның ішінде 3 293 834 өтініш тұрғын үй жағдайын жақсартуға, ал 1 090 198 өтініш емделуге бағытталған. Жалпы алынған сома шамамен 5 триллион 680 миллиард теңгені құрады.
Қазақстанда жеткіліктілік шектері соңғы рет өткен жылдың соңында көтерілген. Олар 10 пайызға ұлғайтылып, жас ерекшелігіне қарай 3,72 миллионнан 10,7 миллион теңгеге дейін белгіленген. Мысалы, 20 жастағылар үшін шек 3,72 миллион теңге, 30 жастағылар үшін — 5,12 миллион теңге, 40 жастағылар үшін — 6,72 миллион теңге.

