Қазақстандықтар 2026 жылы мамыр-қазан аралығында Черногорияға визасыз бара алады

Қазақстан азаматтары 2026 жылы мамырдан қазанға дейін Черногорияға визасыз бара алады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі уақытша визасыз режим енгізілгенін хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, Черногория үкіметі 17 сәуірде Қазақстан азаматтары үшін уақытша визасыз режим енгізген.
СІМ атап өткендей, 2026 жылғы 1 мамырдан 1 қазанға дейін қазақстандықтар Черногорияға тек төлқұжатпен барып, ел аумағында 30 күнге дейін бола алады. Ұзағырақ сапарлар үшін виза рәсімдеу қажет.
Черногория — Балқан түбегіндегі, Адриатика теңізінің көркем жағалауымен танымал ел. Мұнда жағажай демалысын тауға сапарлармен ұштастыруға болады — теңізді ұнататындар үшін де, табиғат пен тыныштық іздейтіндер үшін де бағыттар жеткілікті.
Ең танымал бағыттардың қатарында:
- Будван ривьерасы
- Котор шығанағы
- Дурмитор ұлттық паркі
- Скадар көлі
Жергілікті асханасы Жерорта теңізі мен Балқан дәстүрлерін біріктіреді. Татып көруге ұсынылатын тағамдар қатарында пршут, сач астында пісірілген қозы еті, чевапи, качамак және жаңа піскен теңіз өнімдері аталды.
Бұған дейін қазақстандықтарға шенген визаларын алу жеңілдейтіні белгілі болған. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевтың айтуынша, визалық режимді өзара жеңілдету жөніндегі келіссөздерді ағымдағы жылдың екінші жартысында аяқтау жоспарланып отыр.
Сондай-ақ: Еуропа әуежайларында жаңа кіру жүйесі хаос тудырды


