Трамп Иранмен бітімді ұзартты: келіссөздерге Пәкістанның араағайындығы және Ормуз бұғазындағы блокада туралы мәлімдеме

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен арадағы бітімді Иранның «лидерлері мен өкілдері біртұтас ұстаным қалыптастыра алғанға дейін» ұзартқанын жазды. Бұл туралы ол сәрсенбіге қараған түні, 22 сәуірде, Truth Social әлеуметтік желісіндегі жазбасында мәлімдеді.
Трамптың айтуынша, Иранға соққы жасауды уақытша тоқтата тұруды Пәкістан билігі сұраған. Оның сөзінше, Пәкістан Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздерде араағайын ретінде әрекет етеді. Сонымен бірге ол бұл шешім «Иран үкіметінің қатты бөлінгенін» ескере отырып қабылданғанын атап өтті.
Трамп өз жазбасында: «Иран үкіметіндегі елеулі бөлінуге байланысты, бұл, әрине, күтілетін жағдай, сондай-ақ фельдмаршал Асим Мунирдің (Пәкістан қарулы күштерінің қолбасшысы) және Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифтің өтініші бойынша бізден Иранға шабуылды олардың лидерлері мен өкілдері біртұтас ұсыныс әзірлегенге дейін тоқтата тұру сұралды», — деп жазды.
Сонымен қатар Трамп АҚШ әскеріне Ормуз бұғазындағы «блокаданы» жалғастыруды және «басқа барлық тұрғыда жауынгерлік әзірлікті сақтауды» тапсырғанын айтты.
Трамптың жазбасына дейін көп ұзамай Иранның Tasnim мемлекеттік агенттігі Тегеранның АҚШ-пен келіссөздердің екінші раундына қатысудан түпкілікті бас тартқанын жазды. Бұл келіссөздер 22 сәуірде Исламабадта өтуі тиіс болған. Иран тарапының мәлімдеуінше, келіссөздерге қатысу «уақытты босқа кетіру» болар еді, өйткені АҚШ «шектен тыс талаптар» қояды және «қандай да бір ақылға қонымды мәмілеге қол жеткізуге кедергі келтіреді».
Осы уақытта Axios порталы израильдік дереккөзге сілтеме жасап, АҚШ сәрсенбі күні Иранның жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменейден реттеу шарттары бойынша соңғы ұсынысқа жауап күтетінін жазды.
Порталдың мәліметінше, «сәрсенбі күні Хаменей жауап береді (қақтығысты реттеу бойынша соңғы ұсынысқа — ред.)» деп күтіледі.
Сондай-ақ басылым дерегіне сәйкес, ирандық келіссөз жүргізушілер АҚШ-пен келіссөздердің екінші раундын бастау үшін жоғарғы көшбасшыдан «жасыл жарық» күтетінін хабарлаған. Қазіргі кезде бұл екінші раунд кідірісте тұр.
Соңғы күндері Трамп БАҚ-қа бітімді ұзартуға келісе қоюы екіталай екенін айтқан, өйткені оның мерзімі сәрсенбі кешке аяқталуы тиіс болған. АҚШ президенті ирандықтарды ұсынылған шарттарды тезірек қабылдауға шақырып, әйтпесе оларға кезекті «тозақ» пен «өркениеттің күйреуі» ұйымдастырылатынын мәлімдеген.


