Тоқаев: Қазақстан Каспий теңізін қорғау және Аралды қалпына келтіру бағытындағы жұмысты жалғастырады

Қазақстан президенті ел үшін ерекше қамқорлық нысаны Каспий теңізі екенін айтты. Оның сөзінше, бұл су айдынын қорғау экологиялық тепе-теңдікті, биоалуантүрлілікті және өңірдің тұрақты дамуын сақтауда үлкен маңызға ие.
Ол Қазақстанның Каспий теңізінің одан әрі деградациясының алдын алуға бағытталған мемлекетаралық бағдарламаны бастағанын және өңірлік ғылыми ынтымақтастықты дамыту үшін Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институтын құрғанын атап өтті.
Барша мүдделі халықаралық тараптарды табиғаттың осынау асыл қазынасын сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырамыз. Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды. Оған қатаң тыйым салынуға тиіс, – деді президент.
Президент Арал теңізі туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, су қауіпсіздігі Қазақстан үшін де, бүкіл Орталық Азия үшін де айрықша маңызды мәселе.
Бүгінгі таңда Солтүстік Аралдың 36 пайызға жуығы қайта қалпына келтірілді. Судың сапасы жақсарып, балық қоры молайды, маңайдағы елді мекендердің тұрмыс-тіршілігіне қан жүгірді, – деп атап өтті Тоқаев.
Сондай-ақ ол Қазақстанның Аралды құтқару халықаралық қорындағы үш жылдық төрағалығын аяқтап жатқанын еске салды.
0
Войдите, чтобы оставить комментарий
Загрузка комментариев...


