Ясауи кесенесі маңындағы оқиға: полиция жоғалған турист баланы жедел тапты

АҚШ азаматы Иоаннис Пикалов отбасымен бірге Түркістанға туристік сапармен келген. Серуен кезінде оның 6 жастағы ұлы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында жоғалып кеткен.
Баланы өз күшімен таба алмаған ер адам дереу туристік полиция қызметкерлеріне жүгінген. Өтініш түскен сәттен бастап полицейлер бірден іздестіру шараларын бастаған.
Құқық қорғау қызметкерлері оқиға орнын және оған іргелес аумақты тексеріп, баланың қозғалыс бағытын анықтау үшін бейнебақылау камераларын пайдаланған.
Сонымен қатар жақын маңдағы нысандар, оның ішінде сауда орындары қаралған. Бағдарлау мәліметтері патрульдік нарядтарға жеткізіліп, қызметтердің үйлесімді өзара іс-қимылы ұйымдастырылған.
Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде бала бірнеше сағат ішінде жақын маңдағы дүкендердің бірінен табылып, аман-есен ата-анасына тапсырылған.
Шетелдік азамат полиция қызметкерлеріне жеделдігі мен кәсібилігі үшін алғыс білдірген.


