Тексеру нәтижесінде автодромдар мен автошколаларға қатысты бұзушылықтар анықталып, 701 оқу тобының дайындығы тоқтатылды

Тексеру қорытындысы бойынша автодромдарда қажетті жол белгілерінің, жол таңбалауының және жарықтандырудың болмауына, сондай-ақ көлік құралдарының жарамсыздығына байланысты кемшіліктерді жою туралы 20 нұсқама берілді.
Сонымен қатар, жүргізушілерді даярлау кезінде міндетті техникалық байқаудан өтпеген және сақтандыру полисі жоқ автокөліктерді пайдаланған 59 оқу ұйымы анықталды.
Нәтижесінде, бүгінгі күні ІІМ Әкімшілік полиция комитеті автошколалардың 701 оқу тобының даярлығын тоқтатты. Автошколаларды есепке алу және оқу топтарын тіркеу "Автошкола" ақпараттық жүйесінде жүзеге асырылады. Бұл жүйе арқылы нақты уақыт режимінде берілген куәліктің заңдылығын, сағаттық оқу бағдарламасын және оқу автокөліктерінің есебін тексеруге болады.
Оқу ұйымдарының қызметін бақылауды одан әрі күшейту үшін "Жол қозғалысы туралы" заңға өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасы әзірленді. Ол автошколаларды ашудың хабарламалық тәртібінен рұқсат беру тәртібіне көшуді, сондай-ақ олардың қызметіне мемлекеттік бақылау тетіктерін енгізуді көздейді. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында.


