Қазақстандағы АЭС құрылысына Ресейден мемлекетаралық несие тарту жоспарланып отыр

Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу үшін Ресейден мемлекетаралық несие тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Саткалиев мәлімдеді.
Саткалиевтің айтуынша, АЭС құрылысының қаржыландырылуына қатысты қиындықтар күтілмейді. Оның сөзінше, Қазақстан мен Ресей мемлекетаралық несие механизмін пысықтап жатыр.
Журналистерге берген түсініктемесінде ол екі келісім дайындалып жатқанын айтты: біріншісі — атом станциясын тікелей салу туралы, екіншісі — Ресей тарапынан қаржыландыру ұсыну туралы. Оның мәліметінше, қаржыландыру құрылымы 85 пайызын несие ретінде, ал 15 пайызын Қазақстан Үкіметі тарапынан бөлуге негізделген және бұл құжаттар «жеткілікті жоғары дайындық деңгейінде».
Жобаның түпкілікті құны жобалау жұмыстары аяқталғаннан кейін анықталады. Агенттік төрағасы алдын ала сома әрқайсысының қуаты 1200 мегаватт болатын екі энергоблок үшін шамамен 15 миллиард доллар деңгейінде екенін атап өтті.
Алмасадам Саткалиевтің айтуынша, бірінші станция бойынша жұмыстар бекітілген кестеге сай жүріп жатыр.
Оның сөзінше, Балқаш ауданындағы, Үлкен кентінің маңындағы бірінші алаңда жобалау-іздестіру жұмыстары толық аяқталған.
Саткалиев сондай-ақ жобалау орта есеппен 5–7 жылға, ал құрылыс 10–15 жылға созылатынын қосты.
Бұдан бөлек, агенттік басшысы Қазақстанда ұлттық атом холдингін құру жоспарланып отырғанын айтты. Ол барлық АЭС-тің меншік иесі болып, оларды пайдалану және қызмет көрсету жұмыстарымен айналысады деп көзделген.
Саткалиевтің нақтылауынша, бұл атом энергетикасын дамытуға және жергілікті қамтуды арттыруға бағытталған әртараптандырылған компания болады.
Бұған дейін Саткалиев журналистерге Қазақстандағы екінші АЭС-тің атауын айтып, құрылысқа арналған жаңа өңір туралы да мәлімет берген.
Хабарланғандай, Қазақстанда 2050 жылға қарай кемінде үш атом АЭС-ін іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар төртінші станцияны салу жобасын жүзеге асыру да қарастырылған.

