Қазақстан делегациясы Париждегі ядролық энергетика жөніндегі Екінші халықаралық саммитке қатысты

Президенттің тапсырмасымен Мәжіліс төрағасы **Ерлан Қошанов** бастаған қазақстандық делегация **Парижде** өткен **ядролық энергетика жөніндегі Екінші халықаралық саммитке** қатысты. Қазақстан атынан іс-шараға **Атом энергетикасы агенттігінің төрағасы Алмасадам Саткалиев** те қатысты.
Саммитке **50-ден астам елдің** мемлекет және үкімет басшылары, мемлекеттік органдар жетекшілері, халықаралық ұйымдар басшылары, қаржы институттарының, өнеркәсіп пен сарапшылар қауымдастығының өкілдері жиналып, **азаматтық ядролық энергетиканың** негізгі энергетикалық және климаттық сын-қатерлер аясындағы рөлін талқылады.
Мәжіліс спикерін қарсы алған **Франция Президенті Эмманюэль Макрон** Қазақстан Президентіне ізгі тілегін жеткізіп, саммитке қазақстандық делегацияның жіберілгені үшін алғыс айтты.
Форумды ашқан француз көшбасшысы ядролық энергетиканы қазіргі әлемдегі **прогресс, өркендеу және егемендік** факторы ретінде атап, оның ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және инновациялық технологияларды енгізуге ықпал ете алатынын айтты. Эмманюэль Макрон Қазақстанды және уранның сенімді жеткізушісі саналатын бірқатар өзге елдерді құптап, қатысушыларды **бейбіт атом** саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды.
**Халықаралық атом энергиясы агенттігінің** бас директоры **Рафаэль Мариано Гросси** цифрландырудың қарқынды дамуы әлемдік қауымдастық алдына көптеген сұрақ қоятынын және сол сұрақтарға жауап беруде атом энергиясы маңызды рөл атқара алатынын мәлімдеді.
**Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен** Еуропаның азаматтық ядролық энергетикадан бас тартуы ең ірі стратегиялық қателік болғанын атап өтті. Осыны ескере отырып, **Еуропалық одақ** инновациялық ядролық технологияларға инвестицияларды қолдау үшін **200 миллион еуро** көлемінде кепілдік қор құру туралы шешім қабылдады.
Өз сөзінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Франция басшысына **Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың** жылы лебізін жеткізді. Ол іс-шараның қауіпсіз әрі орнықты атом энергетикасын дамытудағы халықаралық күш-жігерді біріктіру үшін маңызды екенін айтып, Қазақстанның бейбіт атомды дамыту бағытындағы жұмысына тоқталды.
«Қазақстан өзінің энергетикалық дамуының жаңа кезеңіне – атом энергетикасы кезеңіне қадам басуда. Біз атом энергетикасын сенімді әрі қолжетімді энергияның стратегиялық көзі ретінде қарастырамыз. 2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда АЭС салу мәселесін жалпыұлттық референдумға шығарды. Референдум қорытындылары бүгін бізге заманауи, орнықты және әртараптандырылған энергетикалық жүйені дамытуға мүмкіндік береді. Атом электр станциясын салу жобасын іске асыру халықаралық консорциум құруды көздейді. Қазірдің өзінде табиғи, геологиялық, сейсмикалық, гидрологиялық және техногендік факторларды бағалауды қоса алғанда, кешенді инженерлік ізденістер жүргізілуде», – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс спикері геосаяси турбуленттілік жағдайында бейбіт атом қауіпсіздігі алдыңғы орынға шығатынын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан барлық келіспеушіліктерді келіссөз үстелінде шешуді әрдайым қолдайтынын айтты.
Ерлан Қошанов Қазақстанның жаһандық ядролық қауіпсіздік архитектурасын дамытуға жүйелі түрде үлес қосып келе жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан **Семей ядролық сынақ полигонын** жапты, ядролық арсеналдан **ерікті түрде бас тартты**. Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы **29 тамызды** – **Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн** ретінде бекітті.
Сондай-ақ ол Қазақстанның МАГАТЭ-мен ынтымақтастық аясында **радиофармацевтикалық препараттар өндірісін кеңейтіп**, заманауи диагностика мен емдеудің қолжетімділігін арттырып жатқанын айтты. Зерттеу жұмыстарының ауқымды бөлігін **Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы** жүргізетіні атап өтілді.
Ерлан Қошанов Қазақстан атом саласындағы саясатын бұдан әрі де **МАГАТЭ стандарттарына** қатаң сәйкес жүргізіп, ашықтықты, сенімді және серіктестікті нығайтатынын мәлімдеді.
Іс-шара барысында делегация басшылары **Париж саммитінің Бірлескен мәлімдемесін** қабылдады. Құжат бейбіт атомды жаңғырту мен дамытуға арналған жаһандық және ұлттық стратегияның бір бөлігі болмақ.


