Теміртауда жолаушылар автобусы апатқа ұшырап, төрт адам ауруханаға жеткізілді

Теміртауда жолаушылар автобусының қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Апат салдарынан бірнеше жолаушы ауруханаға жеткізілді.
Оқиға орнынан түсірілген кадрлар әлеуметтік желілерде жарияланды. Автобус бордюрге шығып, кейін бағдаршамның металл тіреуіне соғылған. Негізгі соққы көліктің алдыңғы бөлігіне тиген.
Полицияның мәліметінше, оқиға қарбалас уақытта, шамамен 08:40-та, Абай, Металлургтер және Республика даңғылдарының қиылысында болған. Алдын ала дерек бойынша, 45 жастағы жүргізуші көлікті басқара алмай қалған.
Қарағанды облысы полиция департаменті автобустың ішінде шамамен 20 жолаушы болғанын хабарлады. Төрт адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.
Жол-көлік оқиғасы фактісі тіркелді. Тексеру жүргізіліп, мән-жайлар анықталып жатыр, — деп мәлімдеді өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Қарағанды облысында Қарқаралы ауданында вахталық автобустың қатысуымен ұқсас жол апаты тіркелген еді. Ол кезде көлік аударылып, 30-дан астам адам зардап шеккен.
Сондай-ақ: Ақтөбеде шетелдік жүргізуші жарты миллион теңгеге айыппұл жинаған.


