Екінші деңгейлі банктер қазақстандықтардың мобильді аударымдары бойынша деректерді салық органдарына тапсырды

Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердің барлығы қазақстандықтардың мобильді аударымдары бойынша деректерді салық органдарына тапсырды. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта салық органдары алынған ақпарат массивін өңдеп, өзара сәйкестендіріп жатыр. Осыған байланысты нақты қанша хабарлама жіберілетіні және қандай санаттағы азаматтарға қатысты болатыны туралы айту әзірге ерте.
«Бүгінгі таңда барлық банктер деректерді ұсынды, бұған дейін айтқанымдай, біз бұл ақпаратты қабылдадық. Қазір осы деректерді өңдеу жүріп жатыр. Қандай да бір қорытынды — қандай санаттар, қандай шаралар — біз қазір ұсына алмаймыз, өйткені алғашқы хабарламаларды біз тек мамыр айында жібереміз», — деді Ержан Біржанов.
Вице-министрдің түсіндіруінше, салық органдарына мәліметтерді талдап, оларды санаттарға бөлу қажет: әңгіме жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, резидент еместер немесе басқа тұлғалар туралы болуы мүмкін. Сонымен қатар әртүрлі банктерден түскен деректерді салыстыру керек, өйткені сөз бір азаматтарға қатысты болуы ықтимал.
«Қазір нақты бір сан — біз солар бойынша хабарлама жібереміз — деп айту әлі ерте. Мамырда хабарламаларды жібере бастаймыз», — деп қайталады ол.
Контекст Бұған дейін банктер 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша мобильді аударымдар туралы деректерді 15 сәуірге дейін салық органдарына тапсыруы тиіс екені жазылған болатын. Фискалдық органдарды тек бір мезгілде үш критерий сәйкес келетін жағдайлар қызықтырады:
- аударымдар 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан түскен;
- бұл қатарынан үш ай бойы болған;
- жалпы сома ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асып түскен — 1 020 000 теңге.
Сонымен бірге Қаржы министрлігінде бұған дейін бұл автоматты айыппұлдар туралы емес екенін атап өткен. Алдымен салық органдары хабарлама жіберіп, түсініктеме сұратады, содан кейін ғана нақты жағдай бойынша шешім қабылдайды. Сондай-ақ мұндай хабарламаға тапсырылған күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде жауап беру қажет екені айтылған.


