Қазақстандықтарға мобильді аударымдарды тексеру қорытындысы бойынша салық органдарынан хабарламалар жіберіледі

Қазақстандықтар мобильді аударымдарды тексеру қорытындысы бойынша салық органдарынан хабарламалар ала бастайды. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.
Екінші деңгейлі банктер бірінші тоқсан бойынша «қызыл жалаушалары» бар операциялар туралы деректерді 15 сәуірге дейін ұсынады. Осыдан кейін салық органдары камералдық бақылауды бастап, хабарламалар жолдайды.
Тексеруге үш критерийге сәйкес келетін аударымдар жатады: үш ай ішінде 100 және одан да көп әртүрлі жіберушіден түскен, жалпы сомасы 1 020 000 теңгеден асатын түсімдер. Хабарламаларды орындау үшін 30 жұмыс күні ішінде есептілік немесе түсіндірме ұсыну қажет болады.
Қаржы министрлігі жеке аударымдар кәсіпкерлік қызмет ретінде есептелмейтінін нақтылады. Әңгіме адамдар арасындағы тұрмыстық аударымдар туралы: мысалы, бір адам екіншісінің кофесін немесе түскі асын төлеп, кейін ақшасын қайтарып алуы, сондай-ақ туған күн, той және басқа да ортақ іс-шаралар сияқты жеке қажеттіліктерге жиналатын қаражат. Мұндай аударымдар кәсіпкерлік табыс ретінде қарастырылмайды.
Сондай-ақ жеке кәсіпкердің жеке шотының болуы оған түсетін барлық қаражатты автоматты түрде бизнес-табысқа жатқызбайтыны атап өтілді: мұндай аударымдар олардың мақсаты ескеріле отырып бағаланады.
Салық төлеушілердің тізімдері сәуір айының соңына дейін қалыптастырылып, хабарламалар мамыр айында жіберіле бастайды. Жаңашылдықтың мақсаты — салық төлемей іс жүзінде бизнес жүргізіп жүрген азаматтарды анықтау.
https://t.me/chinovnik_kz


