Талдықорғанда футбол матчын көргеннен кейін 20 жастағы студент пышақталып өлтірілді

Талдықорғанда футбол матчын көргеннен кейін 20 жастағы студент Жәңгір Нұрланұлы пышақталып өлтірілді.
Қайтыс болған жігіттің анасының айтуынша, 7 мамыр күні кешке оның ұлы достарына футбол көруге барған. Пәтерде он шақты адам болған, олардың арасында 17 жастағы оқушы да болған.
Жастар арасында жанжал шыққан. Екі жақ дауласып, кейін көшеге шыққан, содан кейін қайта кездескен. Анасының сөзінше, оқушы Жәңгірді қайта шақырып алып, оған алты пышақ жарақатын салған. Жігіт алған жарақаттарынан қайтыс болған.
Әйел қайғылы оқиғадан аз уақыт бұрын ұлымен бейнебайланыс арқылы сөйлескенін айтты. Оның айтуынша, ұлы көңілді болып, әзілдесіп, кейін қайта қоңырау шалатынын айтқан.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалып, дәлелдемелер алынып, жанжалға қатысушылардан жауап алынуда. Қайтыс болған жігіттің отбасы әділ тергеу және кінәліні жазалауды талап етеді.
Жетісу облысы полиция департаментінің хабарлауынша, қылмыс жасады деген күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Мамандандырылған тергеу соты оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.
"Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты және объективті тергеу жүргізілуде. Қажетті тергеу және процессуалдық әрекеттер кешені орындалуда. Тергеу барысы Жетісу облысы ПД басшылығының ерекше бақылауында. Тергеу мүддесінде өзге ақпарат жария етілмейді", - деп мәлімдеді ведомстводан.


