Флоридадағы Палм-Бич әуежайы Дональд Трамптың құрметіне қайта аталады

Флорида штатындағы Палм-Бич халықаралық әуежайы 9 шілдеден бастап АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың құрметіне қайта аталады. Бұл туралы АҚШ федералды азаматтық авиация басқармасы хабарлады.
Көлік министрі Шон Даффи бұған дейін әуежайдың үш әріпті коды PBI-ден DJT-ге өзгертілетінін мәлімдеген еді — бұл Трамптың инициалдары.
Флоридада Трамптың Мар-а-Лаго резиденциясы орналасқан, онда ол әлемдік көшбасшылармен кездесулер өткізеді.
Бұл — АҚШ-тың қазіргі президентінің құрметіне қайта атаулар сериясындағы соңғы жағдай.
Бұған дейін Мемлекеттік департамент АҚШ Бейбітшілік институтына Трамптың есімін берген болатын, ал Вашингтондағы Джон Ф. Кеннеди атындағы өнер орталығы «Дональд Дж. Трамп және Джон Ф. Кеннеди атындағы өнер орталығы» деп қайта аталды. Ақ үй басшысы сондай-ақ АҚШ Әскери-теңіз күштері үшін «Трамп» класындағы екі әскери кеменің құрылысын жариялады.
Жақында АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай Трамптың портреті мен қолтаңбасы бар паспорттар сериясы шығарылатыны хабарланды. Қолтаңба алтын әріптермен басылады. Қазіргі президенттің қолтаңбасы жүз долларлық банкноттарда да пайда болады. Сонымен қатар, Көркем өнер комиссиясы тәуелсіздік мерейтойына орай Трамптың бейнесі және «Liberty» (Бостандық) деген жазуы бар 24 караттық алтын монета шығаруды мақұлдады.
Еске сала кетейік, Флорида губернаторы Рон Десантис 2026 жылдың наурызында Палм-Бич халықаралық әуежайын Дональд Трамптың құрметіне қайта атау туралы жарлыққа қол қойған болатын, тек АҚШ федералды азаматтық авиация басқармасының мақұлдауы қажет еді.


