БАӘ-дегі барлық оқу орындары апта соңына дейін қашықтан оқытуға көшірілді

БАӘ-дегі барлық оқу орындары апта соңына дейін қашықтан оқытуға көшіріледі.
Елдің Білім министрлігі қашықтан оқыту 5 мамыр, сейсенбіден 8 мамыр, жұмаға дейін басталатынын мәлімдеді.
Министрлік бұл шешімнің қауіпсіздік мақсатында қабылданғанын нақтылады.
Сондай-ақ ведомство жағдай жұма күні қайта қаралатынын, ал қажет болған жағдайда қашықтан оқыту мерзімі ұзартылуы мүмкін екенін хабарлады.
Бұған дейін бірнеше сағат бұрын елдің Қорғаныс министрлігі әскери күштердің Ираннан ұшырылған зымырандар мен дрондардың шабуылдарын тойтарып жатқанын мәлімдеген. Ведомство дерегінше, әуе қорғанысы күштері 12 баллистикалық зымыранды, 3 қанатты зымыранды және 4 ұшқышсыз аппаратты ұстап қалған.
Министрлік өкілдері кез келген қауіп-қатерге жауап беруге «толық жауынгерлік дайындықта» екенін және мемлекеттің қауіпсіздігін әлсіретуге бағытталған кез келген әрекетке батыл қарсы тұратынын айтты.
Дүйсенбі күні Фуджейра әмірлігіндегі мұнай портында ірі өрт болған. Жергілікті билік мәліметінше, елдегі ең ірі порт әрі мұнай сақтау ауданы саналатын Фуджейраның мұнай өнеркәсіп аймағына ирандық ұшқышсыз аппарат шабуыл жасаған. Сондай-ақ үш адам орташа ауырлықтағы жарақат алғаны көрсетілген.
Осы арада Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі аясында мұнай бағасы күрт қымбаттады.
Сонымен бірге жоғары лауазымды әскери дереккөз Иранның мемлекеттік телерадиокомпаниясына Тегеранның БАӘ-ге шабуыл жасау жоспары болмағанын және қазір де жоқ екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ: Трамп АҚШ кемелеріне шабуыл жасалған жағдайда Иранды жер бетінен жоюмен қорқытты


