Жол-көлік оқиғасы кезінде алғашқы көмекті қалай көрсету керек және қашан араласпаған дұрыс

Жолдарда ЖКО тұрақты түрде болып тұрады, мұндай сәтте абдырап қалмай, алғашқы көмекті көрсете білу маңызды. Осы тақырыпты нақтылау үшін Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының түсіндірмелері мен Жедел медициналық көмек фельдшері Анна Гусеваның кеңестері негізге алынды.
Медициналық білімі жоқ адам көмек көрсете ала ма
Фельдшер Анна Гусеваның айтуынша, жүргізушілер алғашқы көмекті көрсете білуі керек. Бұл — авто-мектептерде үйретілетін базалық дағды және жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін жасалған әрекеттер көбіне шешуші рөл атқарады.

Оның түсіндіруінше, алғашқы көмек — өмірді сақтап қалуға бағытталған қарапайым әрекеттер: қан кетуді тоқтату, тыныс алуды тексеру, жедел жәрдем шақыру. Мұны жасау үшін медициналық білім міндетті емес.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мәліметінше, медициналық білімі жоқ адамдар алғашқы көмекті мына жағдайларда көрсете алады:
- есінің болмауы;
- тыныс алудың және қан айналымының тоқтауы;
- сыртқы қан кету;
- жоғарғы тыныс жолдарындағы бөгде зат;
- дененің әртүрлі аймақтарының жарақаты;
- күйік, жоғары температура мен жылулық сәулеленудің әсері;
- үсік және төмен температура әсерінің басқа түрлері;
- улану;
- құрысу;
- тістеу.
Жүрекке жанама массажды қалай жасау керек
Анна Гусеваның айтуынша, төтенше жағдайда ештеңе істемей қалғаннан гөрі реанимацияны бастаған дұрыс. Жасанды тыныс бермей-ақ жасалатын жүрекке жанама массаждың өзі тірі қалу мүмкіндігін арттырады.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы ұсынған жалпы техника:
- кеуде қуысына 30 рет басу (тереңдігі 6 сантиметрге дейін);
- содан кейін 2 рет тыныс үрлеу;
- 103 шұғыл қызметі келгенге дейін үздіксіз қайталау.
Бұл ретте зардап шегушінің жасын ескеру қажет.
12 жастан жоғары:
- кеуде қуысының ортасына 30 рет басу (бір алақанның түбімен, үстінен екінші алақанмен жауып) 5–6 сантиметр тереңдікке;
- ауызға 2 рет үрлеу (егер үрлеу жасалмаса, үзіліссіз басуды жалғастыру).
Бала (1 жастан 12 жасқа дейін):
- ауызды ерінмен қапсыра ұстап, 5 рет үрлеу (әр үрлеу 1 секунд);
- кеуденің ортасына 30 рет басу (бір қолмен) 4–5 сантиметр тереңдікке;
- 2 рет үрлеу.
Нәресте (0–12 ай):
- ерінмен бір мезетте ауыз бен мұрынды қапсыра ұстап, 5 рет үрлеу;
- кеуденің ортасына екі саусақпен кеуде қуысының үштен біріне дейін 30 рет басу;
- ауыз бен мұрынды бір мезетте қапсыра ұстап, 2 рет үрлеу.
Барлық жағдайда реанимацияны өмір белгілері пайда болғанға дейін жалғастыру керек. Егер дағды болмаса, тек кеудеге басуды жасауға болады — минутына 110–120 рет.
Әр жүргізуші нені білуі керек
Алдымен зардап шегушінің айналасында қауіпсіз жағдай жасау қажет:
- авариялық шамды қосу;
- белгі қою;
- қауіпті заттарды алып тастау;
- көлік қозғалысын шектеуді қамтамасыз ету және 103 (112) шұғыл қызметіне қоңырау шалу.
Осыдан кейін зардап шегушінің жағдайын бағалау қажет: есі (анық, есеңгіреу, сопор (прекома, сананың терең тежелуі), кома), тыныс алуы (кеуделік, құрсақтық немесе аралас).
Ауыр жарақаттар кезінде не істеу керек
Омыртқа жарақаты кезінде басты денемен бір сызықта ұстап, үнемі қолмен тіреп тұру қажет.
Егер жарақат кезінде ішкі ағзалар көрініп тұрса, оларды алдымен дымқыл матамен, кейін полиэтиленмен жауып, қолда бар құралдармен қатты таңғыш салу керек.
Зардап шегушіні қараусыз қалдырмай, шұғыл қызмет келгенге дейін жағдайын бақылау қажет.
Тыныс алуы қиындағанда не істеу керек
Егер адам қақалып қалса, мамандар мына әрекеттерді ұсынады:
- егер сөйлей алса (жөтел, жылау бар) — жөтелді ынталандыру, кедергі жасамау, арқасынан ұрмау, жедел жәрдем келгенге дейін жағдайын бақылау;
- егер сөйлей алмаса, жөтел/жылау бар болса — жауырын арасына алақанмен сырғыта отырып 5 ретке дейін соққы жасау.
Қай кезде зардап шегушіні қозғамаған дұрыс
Анна Гусеваның айтуынша, кей жағдайда көмектесуге ұмтылу жағдайды ушықтыруы мүмкін.
Оның сөзінше, өмірге тікелей қауіп жоқ болса (өрт, жарылыс қаупі) және зардап шегуші тыныс алып жатса, омыртқа жарақатына күдік болса, сондай-ақ адам есін біліп, тыныш жата алса — қозғамаған дұрыс. Артық қимыл жағдайды нашарлатуы мүмкін.
Үйлестіру орталығының түсіндіруінше, зардап шегушіні мына жағдайларда қозғамау керек:
- омыртқа сынуы (зардап шегуші аяқ-қолын қимылдата алмаса);
- зардап шегуші есін біледі және қауіпте емес;
- кеуде немесе құрсақ аймағында бөгде заттар болса, кеуде қуысы/іш жарақатында — ұстамау және алып тастауға тырыспау.
Алайда өмірге қауіп төнсе (өрт, түтін басу, су басу, тасқын), зардап шегушіні міндетті түрде көліктің салонынан шығару қажет.
Қан кетуді қалай тоқтату керек және немен тоқтатады
Фельдшердің айтуынша, ең бастысы — қан кетуді мүмкіндігінше тез тоқтату. Ол үшін бинттен немесе қолда бар құралдардан қысатын таңғыш қолданылады.
Күшті қан кетуде жарадан жоғары жерге жгут салынып, салынған уақыт белгіленеді. Қажетті заттар көліктің дәрі қобдишасында болады. Егер бинт болмаса немесе қобдишаға қол жеткізу мүмкін болмаса, кез келген таза мата немесе киім де жарайды.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы қан кетудің әр түрі бойынша әрекет жоспарын ұсынды.
Бас аймағынан қан кетсе:
- бинт немесе қолда бар құралдармен бірнеше қабат етіп қысатын таңғыш салу;
- зардап шегушіні ыңғайлы қалыпта отырғызу.
Мұрыннан қан кетсе:
- мұрын қанаттарын саусақпен 10–15 минут қысып ұстау;
- мұрын үстіне (переносицаға) сүлгі арқылы суық басу;
- басты артқа шалқайтпау;
- мұрынды сіңбірмеу және жатпау.
Мойыннан қан кетсе:
- қан кетіп тұрған жерді саусақпен тез басып тұру;
- бинт немесе қолда бар құралдармен бірнеше қабат таңғыш салып, қолмен қысып ұстау;
- жедел жәрдем келгенге дейін ұстап тұру.
Іш немесе кеуде қуысы қанаса:
- бинт немесе қолда бар құралдармен бірнеше қабат таңғыш салу;
- кеуде немесе құрсақ қабырғасында бөгде зат болса — ұстамау және алып тастауға тырыспау.
Қол-аяқтан қан кетсе:
- жгут орнына белдік, сөмке белдігі, галстук, мата қолдану;
- жгутты қан кетіп тұрған жерден жоғары салу;
- матаның астына қысқа таяқ/шыбық салып, қан тоқтағанға дейін 2–3 айналым бұрау;
- қолда бар құралдармен бірнеше қабат қысатын таңғыш салу.
Көлік салонында қысылып қалған адамды қалай шығару керек
Фельдшердің айтуынша, адамды салонынан шығарып алуға асықпаған жөн, егер ол қысылып қалған болса. Дегенмен, кей жағдайда мұны жасауға тура келеді.
Оның түсіндіруінше, зардап шегушіні көліктен өз бетімен шығару тек өміріне қауіп төнгенде (мысалы, өрт шығу қаупі) немесе адам тыныс алмаған жағдайда орынды. Шығару кезінде мүмкіндігінше мойынды бекітіп, омыртқаны бүкпей, иықтан немесе қолтықтан ұстап абайлап шығару қажет.
Егер өміріне қауіп жоқ болса, құтқарушыларды күткен дұрыс, әйтпесе жағдайды ушықтыруы мүмкін.
Зардап шегуші есінен танса не істеу керек
Мамандар есінен тану жағдайында көмекті жағдайға қарай көрсетуді ұсынды:
- егер адам есінен танып, бірақ тыныс алып жатса — жанындағы қауіпті заттарды алып тастап, абайлап қырына жатқызып, жедел жәрдем шақыру; жағдайын бақылау;
- егер адам ес-түссіз және тыныс алмай жатса — дәл сол әрекеттерді жасап, бірақ қырына жатқызбай, бірден жүрекке жанама массажды бастап, дәрігерлер келгенге дейін тоқтатпау;
- егер жанында автоматты дефибриллятор болса — қолдану (құрылғы не істеу керегін өзі нұсқайды және жүректі іске қосуға көмектесуі мүмкін);
- егер тыныс алу мен жүрек соғысы қалпына келсе — адамды қырына аудару.
Талып қалғанда (обморок):
- зардап шегуші тыныс алса — 103 (112) шақыру;
- тыныс алмаса — базалық реанимация жүргізіп, 103 (112) шақыру;
- шалқасынан жатқызып, аяқтарын көтеру;
- қысып тұрған киім бөліктерін ағыту;
- таза ауа келуін қамтамасыз ету;
- бетін салқын сумен сүрту немесе маңдайына дымқыл сүлгі қою;
- құсу болса — басын қырына бұру немесе қалпына келтіру қырын жатқызу қалпына келтіру (құсыққа тұншығып қалмауы үшін);
- зардап шегушіні тік қалыпқа көтеруге болмайды;
- жедел медициналық көмек бригадасы келгенге дейін жағдайын бақылау қажет.


