Ормуз бұғазының блокадасы аясында мұнай бағасы күрт өсіп, Brent 120 доллардан асты

Әлемдік мұнай бағасы Ормуз бұғазының жалғасып жатқан блокадасы және АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерге қатысты белгісіздік аясында күрт өсіп жатыр. Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 120 доллардан жоғары көтерілді.
Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың маусым айына арналған фьючерстері Астана уақытымен 08:01-дегі сауда деректері бойынша 9,06 пайызға өсіп, барреліне 121 доллардан асты.

WTI маркалы мұнайдың маусым айына арналған фьючерстері 8,40 пайызға қымбаттап, барреліне 108,33 долларға дейін өсті.

Бұған дейін Brent бағасы 7 пайыздан астам өсіп, барреліне 119 доллардан жоғарылаған.
Бағаға не әсер етіп жатыр
Таяу Шығыстағы жағдай нарықтар үшін негізгі фактор болып қалып отыр: АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер іс жүзінде тұйыққа тірелген. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ұсынысын қабылдамай, режим АҚШ-тың ядролық бағдарламасына қатысты алаңдаушылықтарын жоятын келісімге келіспейінше, Иранға қатысты теңіз блокадасын жалғастыратынын мәлімдеген.
Сонымен қатар Біріккен Араб Әмірліктері 1 мамырдан бастап ОПЕК және ОПЕК+ келісімінен шығу жоспарын жариялады. Бұл шешім өндіру стратегиясын қайта қараумен және нарықтағы жағдайға икемдірек жауап беруге ұмтылумен түсіндірілді.
Мұнай бағасының Қазақстан экономикасына ықпалы
Бұған дейін мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов мұнай бағасы бюджет кірістеріне, Ұлттық қордың жағдайына және теңге бағамына әсер ететінін атап өткен. Баға өскен кезде әсері оң, ал төмендегенде керісінше болады.
Дегенмен мұнай бағасының өсуі экономика үшін тек оң фактор емес. Қазақстандықтар үшін бұл басқа қырынан көрінуі мүмкін. Мәселен, көктемде БЖЗҚ шоттарында табыстылықтың төмендеуі тіркелген. Қазақстан Ұлттық банкінде бұл шығын емес, теңгенің нығаюына байланысты инвестициялық кірістің азаюы екенін түсіндірді. Себебі қор активтерінің шамамен 40 пайызы шетел валютасында орналастырылған: доллар әлсіреген кезде табыстылық төмендейді.
Жалпы алғанда, мұнай нарығындағы тұрақсыздық экономика үшін тәуекелдерді күшейтеді. Бағаның күрт құбылуы инфляцияға, инвестициялық белсенділікке және қаржы нарықтарына әсер етеді. Мұнай кірістеріне тәуелділік елді сыртқы күйзелістерге осал етеді.
Сонымен бірге 2026–2028 жылдарға арналған бюджетте базалық параметрлер қарастырылған: мұнай бағасы барреліне 60 доллар деңгейінде және доллар бағамы 540 теңге. Экспорттық кірістер, әлеуметтік төлемдер және мемлекеттік шығыстар осы бағдарларға сүйене отырып есептеледі.
Сондай-ақ: БАӘ-нің ОПЕК-тен шығуы теңгеге қалай әсер етеді — экономист үш сценарий атады


