2025 жылы Еуразия өңірінде халықаралық қаржы институттары мақұлдаған егемен қаржыландыру көлемі 10,3 млрд долларға жетті

2025 жылы Еуразия өңірінде халықаралық қаржы институттары (МФИ), даму агенттіктері және климаттық қорлар тарапынан мақұлданған егемен қаржыландырудың жалпы көлемі 10,3 млрд долларды құрады. Бұл — 2021 жылдан бергі екінші ең жоғары көрсеткіш, әрі халықаралық қаржы институттарының өңірге деген тұрақты қызығушылығын көрсетеді.
Бұл деректер Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының (ЕФСР) жыл сайынғы «Халықаралық қаржы институттарының өңірлік жобалары мен бастамалары» атты баяндамасында келтірілген.
2025 жылғы егемен қаржыландырудың негізгі ерекшеліктері Баяндамада 2025 жылы егемен қаржыландыруға қатысты мынадай жайттар атап өтілген:
- ЕФСР-ға қатысушы мемлекеттердің үлесіне жалпы қаржыландыру көлемінің 38,9%-ы (яғни 3,9 млрд доллар) тиесілі болды. Бұл халықаралық қаржылық қолдаудың Қор елдерінде жоғары деңгейде шоғырланғанын білдіреді.
- Қаржыландыру негізінен көлік секторындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ құрылымдық реформаларды қолдауға, оның ішінде экономикалық саясатты жетілдіруге бағытталды.
Елдер бойынша мақұлданған қаржыландыру көлемі 2025 жылы Еуразия өңірі елдері арасында мақұлданған қаржыландыру көлемі бойынша:
- Өзбекстан — 4,9 млрд доллар (жалпы мақұлданған қаражаттың 47,9%-ы);
- Қазақстан — 1,5 млрд доллар;
- Армения — 1,1 млрд доллар;
- Қырғызстан — 981,3 млн доллар ( 2013 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш );
- Тәжікстан — 369,6 млн доллар.
Қаржыландыру құрылымы: инвестициялар басым Қаржыландырудың негізгі көлемі дәстүрлі түрде инвестициялық жобалар есебінен қамтамасыз етілді — 7,5 млрд доллар. Ал тұрақтандыру қолдауы 2,5 млрд АҚШ долларын құрады.
Бұл құрылым халықаралық қаржы институттарының өңір елдерінің инфрақұрылымы мен экономикасын ұзақ мерзімді дамытуға басымдық беретінін, сонымен қатар макроэкономикалық қолдау құралдарын сақтап отырғанын көрсетеді.
Сонымен бірге техникалық жәрдем көлемі салыстырмалы түрде аз болғанына қарамастан (0,3 млрд доллар), операциялар саны бойынша ең жоғары үлесті қалыптастырды — 217 жоба. Баяндамада оның сараптаманы жеткізу және институционалдық әлеуетті нығайтудағы рөлі ерекше атап өтіледі.
Климат және цифрлық трансформацияға назар Баяндамаға сәйкес, халықаралық қаржы институттарының климаттық күн тәртібіне деген ерекше назары сақталып отыр. Бұл бағытқа климаттың өзгеруіне бейімделу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және «жасыл» қаржы құралдарын енгізу жобалары кіреді.
Сондай-ақ өңірде цифрлық трансформацияны қолдау күшейіп келеді: халықаралық қаржы институттары жекелеген жобаларды іске асырудан цифрлық инфрақұрылымды, мемлекеттік басқаруды және қаржы секторын жүйелі дамытуға бағытталған ауқымды бағдарламаларға көшу үстінде.


