Тоқаев Беларусь президенті Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь көшбасшысы Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесті.
Әңгіме барысында президенттер қазақстан-беларусь қатынастарының барлық ынтымақтастық бағыттары бойынша оң динамика көрсетіп, біртіндеп дамып келе жатқанын қанағаттанушылықпен атап өтті.
Мемлекет басшылары сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды кеңейту жөніндегі алдағы қадамдарды талқылады.
Сондай-ақ сұхбаттастар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір алмасты және алдағы бірлескен іс-шаралардың кестесін қарастырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына және Еуразиялық экономикалық форумға қатысуға шақырды. Бұл іс-шаралар мамыр айының соңында Астанада өтеді.
Еске сала кетейік, 14 сәуір күні Тоқаев Беларусьтің сыртқы істер министрі Максим Рыженковты қабылдаған болатын. Сол кезде Беларусь СІМ басшысы Мемлекет басшысына қабылдауы үшін алғыс айтып, Александр Лукашенконың ізгі сәлемін жеткізді.


