QazGaz Corporation-ға метрологиялық талаптарды бұзғаны үшін айыппұл салынды

Азаматтардың автокөлік отынының босатылатын көлемінің дәлдігіне күмән келтірген өтініштері мемлекеттік инспекторлардың жоспардан тыс тексеріс жүргізуіне негіз болды.
Тексеру барысында автокөліктерге сұйытылған газ құюға арналған қондырғылардың біреуі өрескел бұзушылықтармен пайдаланылғаны анықталды. Атап айтқанда, аталған жабдық өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тізілімінде болмаған және міндетті метрологиялық тексеруден (поверкадан) өтпей қолданылған. Бұл «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» заң талаптарын тікелей бұзу болып саналады және тұтынушыларға босатылатын отын көлемінің дәлдігіне негізді күмән туғызады.
Анықталған құқық бұзушылық фактісі бойынша ТОО «QazGaz Corporation»-ға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 419-бабына сәйкес қысқартылған тәртіппен 497 375 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, бұзушылықтарды жою туралы орындауға міндетті нұсқама беріліп, метрологиялық тексеруден өтпеген қондырғыны пайдалануға тыйым салынды, — деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта нұсқама толық көлемде орындалған: кәсіпорын қажетті метрологиялық рәсімдерді жүргізіп, жабдық ресми түрде пайдалануға жіберілген.
Техникалық реттеу және метрология комитеті «недолив» фактілері анықталған жағдайда немесе өлшеу құралдарының (таразы, колонка, есептегіш) ақаулығына күдік туындаса, азаматтар аумақтық департаментке ресми өтініш жолдай алатынын еске салды. Мұндай әрбір өтініш жоспардан тыс тексеріс жүргізуге және бұзушылықтардың жолын кесуге заңды негіз болып табылады.


