Қазақстанда фитнес-клуб пен бассейн абонементін қайтару: заң не дейді және ақшаны қалай өндіріп алуға болады

Көптеген қазақстандықтар тренажёр залына немесе бассейнге алынған абонемент өзектілігін жоғалтатын жағдайға тап болады. Бұған көшу, ауру немесе қызығушылықтың жоғалуы сияқты түрлі себеп әсер етуі мүмкін. Алайда кейбір әкімшілер мұндай кезде: «Ақша қайтарылмайды» деп жауап береді.
Тұтынушы қызметке «байланып» қалмайды
Азаматтық кодекс пен тұтынушылардың құқықтарын қорғау нормалары қаражатты қайтару тәртібін нақты айқындайды. Адвокат Абзал Қасымжановтың айтуынша, заң клиентті қорғайды: тұтынушы қызмет өзіне сәйкес келмесе, одан кез келген уақытта бас тартуға құқылы.
«Егер абонемент ішінара пайдаланылса, абонемент үшін ақшаны қайтаруға болады. Тұтынушы нақты көрсетілген қызметтің ақысын төлеген жағдайда қызмет көрсету шартының орындалуынан бас тартуға құқылы. Қарапайым тілмен айтқанда: егер сіз бір жылдық абонемент сатып алып, залға бар болғаны бір-екі ай ғана барған болсаңыз, пайдаланылмаған кезең үшін ақшаны қайтаруды талап етуге құқылысыз», – деп атап өтті Абзал Қасымжанов.
«Залға бір рет бардым, қалған жыл үшін ақшаны қайтара аламын ба?» деген сұраққа жауап: иә, аласыз.
Қандай жағдайда орындаушы ақша қайтаруға міндетті?
Юрист орындаушы ақша қайтаруға міндетті болатын бірнеше жағдайды атап өтті:
- тұтынушы шарттан бас тартатынын алдын ала хабарласа;
- орындаушы қызметті толық көрсетпесе;
- орындаушының өтелмейтін нақты шығындары болмаса.
Сонымен бірге, Абзал Қасымжановтың айтуынша, кейбір жағдайларда қайтарым шектелуі мүмкін:
«Бұл ретте, ақша қайтару шектелуі мүмкін, мысалы, орындаушы қызметті толық көлемде көрсеткен кезде, шартта орындаушының негізделген нақты шығындары (мысалы, әкімшілік шығындар) көзделсе немесе қызмет бір реттік сипатта болып, тұтынушыға көрсетіліп қойса», – дейді Абзал Қасымжанов.
«Қайтарылмайтын тарифтер» туралы миф
Кейбір бизнес шартқа «ақша еш жағдайда қайтарылмайды» деген талапты енгізеді. Абзал Қасымжанов мұндай шарттарды заңсыз деп атайды.
«Орындаушының “ақша қайтарылмайды” деген шарты көп жағдайда заңсыз. Тіпті шартта ақша қайтарылмайтыны көрсетілсе де, бұл тұтынушыны қызметтен бас тарту құқығынан айырмайды. Мұндай ережелер тұтынушының құқықтарын шектейтіндіктен, сот арқылы жарамсыз деп танылуы мүмкін», – деп түсіндірді юрист.
Қайтарылатын соманы қалай есептеу керек
Абзал Қасымжановтың айтуынша, ақша қайтару әдетте мына формуламен есептеледі: абонемент құны – көрсетілген қызметтер – орындаушының негізделген және құжатпен расталған шығындары.
Фитнес-клуб ақша қайтарудан бас тартса не істеу керек
Егер спортзал ақша қайтармаса, юрист ресми тәртіппен әрекет етуге кеңес береді: Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне жүгіну және дауды шешу үшін сотқа талап қою.
Жиі жіберілетін қателер
Адвокаттың айтуынша, қазақстандықтар жиі бір қателік жібереді — шарт талаптарын мұқият оқымайды:
«Қызмет көрсету шартына қол қоймас бұрын оның ережелерін зерттеу қажет. Тағы бір қателік – тұтынушылар қызметті алдын ала сынап көрмей, абонементті бірден ұзақ мерзімге төлеп қояды», – деп түйіндеді Абзал Қасымжанов.
Негізгі қорытындылар
Заң тұтынушыны қорғайды және абонемент алдын ала төленсе де, одан кез келген уақытта бас тартуға мүмкіндік береді. Фитнес-клуб пайдаланылмаған кезең үшін ақшаны қайтаруға міндетті. Сонымен қатар бизнес сіз барған күндердің құнын және құжатпен расталған шығындарын ұстап қалуға құқылы.
Адвокаттың айтуынша, шарттағы «ақша қайтарылмайды» деген тармақ көп жағдайда заңды бұзады. Дегенмен клуб қызметті толық көрсетіп қойған болса немесе сізге қызмет көрсетуге нақты шығын жұмсаған болса, ақшаны қайтару мүмкін болмауы ықтимал.
Ақша қайтарудан бас тартқан жағдайда тұтынушы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне жүгініп немесе сотқа талап қою арқылы дауды шеше алады.
Читайте также: Казахстанец ни разу не пришел в зал и решил сдать абонемент: дело дошло до проверки


