Эдуард Базров Шавкат Рахмоновтың денсаулығы мен оңалту барысы туралы айтты

Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмоновтың бапкері Эдуард Базров спортшының денсаулық жағдайы туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, қалпына келу процесінде қосымша қиындықтар туындап жатқан жоқ, бірақ оңалту мерзімі мен октагонға қашан оралатынын нақты айту әзірге қиын.
Базров бұл жарақаттың алдыңғы айқас байламына қатысты екенін атап өтіп, әр спортшыда қалпына келу уақыты әртүрлі болатынын түсіндірді.
"Не могу сказать точный срок восстановления. Потому что это передняя крестообразная связка. У всех разные сроки восстановления. Кто-то восстанавливается за полгода, а кто-то — за полтора. Сейчас он проходит реабилитацию. На данный момент все проходит нормально. Непредвиденные обстоятельства никакие не ожидаются", - рассказал Базров в интервью Tengri Sport.
Шавкат Рахмонов 2024 жылдан бері жекпе-жек өткізген жоқ
Еске салайық, қазақстандық спортшы соңғы рет UFC 310 турнирінде, 2024 жылғы 8 желтоқсанда октагонға шыққан. Сол кездесуде ол ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бір ауыздан қабылдаған шешімімен жеңді.
Бастапқыда бұл жекпе-жек Шавкат үшін чемпиондық айқас болуы тиіс еді, алайда сол кездегі белбеу иегері Белал Мухаммед жарақатына байланысты жекпе-жектен шығып қалған.
Кейінірек Рахмоновтың өзі де жарақаттарына байланысты жекпе-жектерден бас тартқан. Нәтижесінде, елдегі ең танымал спортшылардың бірі 500 күннен астам уақыт үзілісте жүр.


