Алматыда Орталық қалалық клиникалық ауруханада өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы өрескел бұзушылықтар анықталды

Алматыда ҚР СИМ МТИ Техникалық реттеу және метрология комитеті департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеріс қорытындысы бойынша «Орталық қалалық клиникалық аурухана» ШЖҚ МКК қызметінде өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнама талаптарының өрескел бұзушылықтары тіркелді.
Тексеріс барысында 2026 жылғы 11 ақпанға дейін медициналық ұйым міндетті рәсімдерден өтпеген 106 пациент мониторингі модулін пайдаланғаны анықталды. Аталған жабдық типі бекітілмей немесе метрологиялық аттестаттаусыз қолданылған, мемлекеттік тізілімде тіркелмеген және міндетті тексеруден (поверкадан) өтпеген. Соған қарамастан, құрылғылар медициналық көмек көрсету процесінде пайдаланылған.
Әңгіме пациенттердің өмірлік маңызды көрсеткіштерін бақылауға арналған модульдер туралы болып отыр: жүрек соғу жиілігі, артериялық қысым, қанның оттегімен қанығу деңгейі (SpO₂), электрокардиограмма (ЭКГ) және дене температурасы. Мұндай жабдықты өлшеу дәлдігі расталмай қолдану клиникалық шешім қабылдауға тікелей әсер етіп, пациент қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
Тексеру барысында медициналық ұйым қызметінде Қазақстан Республикасының «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Заңының 17 және 19-баптарының талаптары бұзылғаны анықталды. Белгіленген фактілер тексеріс материалдарымен расталды. Қадағалау іс-шараларының нәтижесі бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы орындауға міндетті нұсқама берілді. Жабдықты пайдалану заңнама талаптарына толық сәйкестендірілуі тиіс, — деп хабарлады Минсауда баспасөз қызметі.
Жіберілген бұзушылықтар үшін мекеме Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 419-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл 600 АЕК (2 595 000 теңге) көлемінде белгіленіп, белгіленген тәртіппен төленді.
Департамент метрологиялық бақылау талаптарын сақтау міндетті екенін және оның пациент қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты екенін атап өтті. Белгіленген нормалардан кез келген ауытқу жол берілмейді.


