АҚШ Мемлекеттік департаменті ел тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай шектеулі сериядағы паспорттарды шығармақ

АҚШ Мемлекеттік департаменті ел тәуелсіздігінің 250 жылдығына орай америкалық паспорттардың шектеулі сериясын шығаруды жоспарлап отыр. Жаңа дизайндағы паспорттардың мұқабасының ішкі бетінде президент Дональд Трамптың бейнесі орналастырылады.
Макеттерде Трамп Тәуелсіздік декларациясының мәтіні мен АҚШ туы фонында бейнеленген, жанында президенттің алтын түсті қолтаңбасы бар. Тағы бір бетте Тәуелсіздік декларациясына қол қоюға арналған әйгілі картина ұсынылған.
Бұл жазда шығарылуы көзделген паспорттар Трамп әкімшілігінің «Америка 250» атты ауқымды бағдарламасының бір бөлігі ретінде таныстырылды. Мерекелік іс-шаралар аясында маусымда Ақ үйдің оңтүстік көгалында UFC турнирін өткізу және тамызда Ұлттық аллеяда Гран-при жарысын ұйымдастыру да жоспарланған.
Мемлекеттік департамент өкілі Томми Пиготт шілдеде АҚШ «Американың 250 жылдығын» атап өтетінін айтып, осы тарихи оқиғаны атап өту үшін арнайы безендірілген паспорттардың шектеулі саны шығарылатынын мәлімдеді.
Оның сөзінше, паспорттар жеке безендіруімен және жақсартылған графикасымен ерекшеленеді, алайда оларды «әлемдегі ең қорғалған құжат» ететін қауіпсіздік функциялары сол күйінде сақталады.
Естелік америкалық паспорттардың мұқабасы да аздап өзгереді. United States of America сөздері үлкейтіліп, елтаңбаның үстіне — паспорттың жоғарғы бөлігіне орналастырылады. Артқы мұқабада АҚШ туы бейнеленеді, ал 250 саны 1777 жылғы үлгідегі тудың 13 жұлдызының арасындағы ортасына қойылады.
Мемлекеттік департамент өкілі жаңа паспорттарды бағдарлама басталғаннан кейін құжат рәсімдеуге өтініш беретін АҚШ азаматтары ала алатынын айтты. Құжаттар қоры таусылғанға дейін қолжетімді болады. Бағдарламаны іске қосу шілдеде күтіледі.
Бұған дейін Трамп елдің 250 жылдығына орай АҚШ банкноттарына өз қолтаңбасын қосатыны белгілі болған. Мәліметке сәйкес, бұл — ел тарихында алғаш рет қағаз валютада қызметтегі президенттің қолтаңбасы пайда болуы. Әдетте долларларда қаржы министрі мен қазынашының қолтаңбалары орналастырылады.


