БАӘ 2026 жылғы 1 мамырдан бастап ОПЕК пен ОПЕК+ құрамынан шығатынын мәлімдеді

Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) 2026 жылғы 1 мамырдан бастап Мұнай экспорттаушы елдер ұйымынан (ОПЕК) және ОПЕК+ альянсынан шығатынын жариялады.
Ресми мәлімдемеде бұл шешім елдің ұзақмерзімді стратегиясына сәйкес қабылданғаны айтылған. Ол энергетика секторын дамытуға, сондай-ақ ішкі өндірістік қуаттарды ұлғайтуға инвестицияны жеделдету жоспарларына байланысты.
Абу-Дабиде ОПЕК-тен шыққаннан кейін ел мұнай өндіру көлемін сұраныс пен нарықтық жағдайларға қарай біртіндеп арттыруды жалғастыратынын мәлімдеді.
"Бұл шешім БАӘ-нің өндірістік саясатын, ағымдағы және болашақ қуаттарын мұқият қайта қарағаннан кейін, сондай-ақ ұлттық мүдделерді ескере отырып қабылданды", — делінген ресми хабарламада.
Мәлімдемеде шешімге геосаяси тұрақсыздық, оның ішінде Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазындағы жағдай, сондай-ақ орта және ұзақ мерзімді перспективада жаһандық энергия тасымалдаушыларға сұраныстың өсетіні туралы болжам әсер еткені атап өтілген.
БАӘ билігі әлемдік энергия нарығының тұрақтылығы сенімді әрі қолжетімді жеткізілімдерге тәуелді екенін айтып, елдің әрі қарай да жауапты және сенімді жеткізуші болып қалуға ниетті екенін жеткізді.
Сондай-ақ мәлімдемеде БАӘ-нің ОПЕК-ке 1967 жылы Абу-Даби әмірлігі арқылы қосылғаны, ал мемлекет 1971 жылы құрылғаннан кейін ұйымдағы мүшелігін сақтап қалғаны еске салынды. Осы уақыт ішінде ел әлемдік мұнай нарығының тұрақтылығын қолдауда белсенді рөл атқарғаны айтылды.
Абу-Дабиде ОПЕК пен ОПЕК+ құрамынан шығу мұнай өндірушілер мен тұтынушылармен ынтымақтастықтан бас тарту дегенді білдірмейтіні және әлемдік нарықтардың тұрақтылығына деген ұстанымды өзгертпейтіні де атап өтілді.
Бұдан бөлек, БАӘ энергетика секторының бүкіл тізбегі бойынша инвестицияны жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеді. Оған мұнай мен газ, жаңартылатын энергия көздері және төмен көміртекті шешімдер кіреді.
Контекст
ОПЕК — мұнай экспорттаушы елдердің бірлестігі. Олар әлемдік нарықтағы жағдайға ықпал ету және бағаның күрт құбылуын тежеу үшін өндіру көлемдерін келісіп отырады.
ОПЕК+ — ОПЕК елдерінен бөлек, Қазақстан мен Ресейді қоса алғанда, басқа да ірі өндірушілер кіретін кеңірек формат. Соңғы жылдары мұнай өндіруді қысқарту немесе арттыру жөніндегі негізгі шешімдер дәл осы ОПЕК+ аясында қабылданды.
Эмираттар бұған дейін мұнай қуаттарын кеңейтуге инвестиция салған, алайда альянс ішіндегі шектеулер бұл өсімді тежегені айтылған. Сарапшылардың пікірінше, егер БАӘ шыққаннан кейін шикізат өндіруді белсендірек арттырса, бұл ОПЕК+-тың нарыққа ықпалын әлсіретуі мүмкін: қысқа мерзімде бағалар геосаясатқа тәуелді болып қала береді, ал ұзақ мерзімде ұсыныстың артуы және өндіруді бақылаудың әлсіреуі әлемдік мұнай бағасының айтарлықтай төмендеуіне әкелуі ықтимал.


