1 мамырдан бастап Алматыдан Оңтүстік Кореяның Пусан қаласына жаңа тікелей рейс ашылады

1 мамырдан бастап Алматыдан Оңтүстік Кореяның Пусан қаласына жаңа тікелей рейс іске қосылады.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, рейстерді шетелдік EasternJet әуе компаниясы аптасына 2 рет орындайды.
Қалалық әкімдіктің болжамынша, жаңа бағыт Оңтүстік Кореяның ең ірі портты қаласын Алматы қаласымен байланыстырып, елдер арасындағы туристік және іскерлік байланыстарды нығайтады, сондай-ақ сапарларды анағұрлым ыңғайлы әрі қолжетімді етеді.
Айта кетейік, 2025 жылы Алматыға Оңтүстік Кореядан 23 мыңнан астам турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 15,3 пайызға жоғары.
Пусан

Қала өз жағажайларымен, әсіресе Хэундэ мен Квангаллимен, сондай-ақ дамыған жағалау аймағымен және заманауи инфрақұрылымымен танымал. Танымал көрікті жерлерінің қатарында Камчхон мәдени ауылы және теңіз жағасында орналасқан Хэдон Ёнгунса монастыры бар.
Пусан асханасы да кеңінен белгілі: мұнда жаңа теңіз өнімдеріне басымдық беріледі, соның ішінде шикі балықтан дайындалатын тағамдар (хве) және балық котлеттері (оммук) аталады.


