Индонезиядағы Бекасидің шығыс бөлігіндегі станцияда екі пойыз соқтығысып, 14 адам қаза тапты

Индонезияда Бекаси қаласының шығыс бөлігіндегі станцияда (ел астанасы Джакартаның маңы) қала маңы электрпойызы мен алысқа қатынайтын пойыз соқтығысты. Қаза тапқандар бар.
2026 жылғы 28 сәуір таңындағы соңғы дерекке сәйкес, апат салдарынан 14 адам қаза тапты. Олардың мәйіттері тануға жіберілді. Тағы 84 адам әртүрлі деңгейде жарақат алып, медициналық мекемелерге жеткізілді.
Оқиға 27 сәуір кешке болған. Соқтығысудан кейін бірден құтқару қызметтері жолаушыларды эвакуациялап, зардап шеккендерге көмек көрсете бастады. Жұмыстар ерекше сақтықпен жүргізілген, өйткені адамдардың бір бөлігі ауыр жағдайда болып, мамандандырылған көмекті қажет еткен.
Теміржол компаниясының өкілдері қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, қазіргі сәттегі басты басымдық — зардап шеккендерді емдеу және олардың туыстарын ақпараттандыру екенін мәлімдеді. Жараланғандардың емделуіне және қаза тапқандарды жерлеуге кететін шығындар толық өтелетіні айтылды.
Оқиға орнында жолаушылардың туыстары үшін ақпараттық пункт те ұйымдастырылды. Апат болған станция уақытша міну және түсу үшін жабылды, ал осы ауданда пойыз қозғалысы шектелді.
Индонезия президенті Прабово Субианто пойыздардың қайғылы соқтығысуына байланысты жедел тергеу жүргізуді тапсырды. Ол үкімет трагедияның нақты себептерін анықтауға міндетті екенін атап өтіп, медициналық қызметтерге аман қалғандардың барлығына толық сауығып кеткенге дейін барынша сапалы ем көрсетуді жүктеді.
Апаттың тікелей себептерін анықтаумен қатар, президент теміржолдағы қауіпсіздік шараларын қатаңдату ниетін білдірді. Атап айтқанда, ол көптеген күзетілмейтін теміржол өткелдерінің қауіптілігіне назар аударып, көлік жүйесінің қауіпсіздігін арттыру үшін мемлекеттің жедел әрекет ететінін айтты.
Еске салайық, наурыз айында Алматы облысының Боралдай елді мекеніндегі теміржол өткелінде маршруттық автобус пойызбен соқтығысқан. Үш адам түрлі жарақат алған. Автобус жүргізушісі жауапкершілікке тартылды.


