Мемлекет басшысы Халықаралық кинологиялық федерация президенті Тамаш Яккельді қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) президенті Тамаш Яккельді қабылдады.
Кездесу барысында халықаралық федерациямен отандық ит өсіруді дамыту және тұқымдық генофондтың тұрақтылығын сақтау ісіндегі ынтымақтастық перспективалары қаралды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тамаш Яккельге қазақы тазы тұқымын алдын ала танығаны үшін ризашылығын білдірді. Тиісті шешім 2024 жылғы 3 қыркүйекте Амстердамда өткен Халықаралық кинологиялық федерацияның Бас комитеті отырысында қабылданған.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан үшін қазақы тазы мен төбет тұқымдарын сақтау кинология тұрғысынан ғана емес, дәстүрлі өмір салтымен байланысты мәдени-тарихи құндылық ретінде де ерекше маңызды. Тазы қазақ халқының жеті қазынасының («Жеті қазына») қатарына кіреді.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгінде Қазақстан кинологтар одағының Біртұтас асыл тұқым кітабында шамамен 4 мың тазы ресми тіркелген. Тиісті заңнамалық актілер қабылданған.
Сондай-ақ жақын уақытта Жетісу облысында Ұлттық орталық ашылып, онда селекциялық жұмыс жүргізіліп, ғылыми-кинологиялық сүйемелдеу қамтамасыз етіледі.
Ұлттық мұраны кеңінен насихаттау мақсатында биылдан бастап Қазақстанда 3 қыркүйек Қазақы тазы және төбет күні ретінде атап өтіледі.
Өз кезегінде Тамаш Яккель Мемлекет басшысына ұлттық ит тұқымдарын сақтау және дамыту мәселесіне жеке көңіл бөлгені үшін алғыс айтты. Сонымен қатар ол әлемнің 100 елін біріктіретін FCI қызметі туралы Президентке мәлімет берді.
https://t.me/chinovnik_kz


