Мұхтар Шахановтың қайтыс болуына байланысты Тоқаев пен Жапаров көңіл айтты

Кеше аңызға айналған ақын, жазушы және қоғам қайраткері, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері Мұхтар Шахановтың өмірден өткені белгілі болды.

Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Шахановтың туған-туыстарына көңіл айтты.
«Мұхтар Шахановтың лайықты ғұмыр кешіп, мол әдеби мұра қалдырған жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады», – делінген оның жеделхатында.
Одан кейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Мұхтар Шахановтың қайтыс болуына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Қазақ халқының ұлы перзенті, Қырғызстанның халық ақыны, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы тұңғыш төтенше және өкілетті елшісі, Шыңғыс Айтматовтың және бүкіл қырғыз халқының досы Мұхтар Шахановтың қайтыс болғаны туралы қаралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым.
Қырғыз жұртшылығы тағы бір биік шыңынан, тағы бір рухани тірегінен айырылып, бүгін жүрегінің бір бөлшегін жоғалтқандай ауыр қайғыны бастан өткеріп отыр. Мұндай ұлы тұлғалар туралы халық: "Оның кетуімен тұтас бір дәуір кетті" дейді. Шынында да, Мұхтар ағаның мәңгілікке аттануымен күллі түркі әлемінен тұтас бір дәуір кетті», – делінген Қырғызстан президентінің жеделхатында.
Мұхтар Шахановпен қоштасу рәсімі ертең сағат 9:00-де Алматы қаласындағы Абай атындағы ҚазҰТОБ-та өтеді. Ақын «Кенсай-2» зиратына жерленеді.


