Қасым-Жомарт Тоқаев халық әртісі Есмұхан Обаевтың жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаевтың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Мемлекет басшысы режиссер, сценарист, сондай-ақ «Барыс» І дәрежелі және «Парасат» ордендерінің кавалері Есмұхан Обаевтың дүниеден өтуіне байланысты терең қайғырып, көңіл айтты.
Жеделхатта Есмұхан Несіпбайұлының сахна өнеріне адал қызмет еткені, ұлттық рухани құндылықтарды нығайту жолында еңбек еткені және қазақ драматургиясының қалыптасуына елеулі үлес қосқаны атап өтілген. Сондай-ақ оның жауапты қызметтердегі тынымсыз еңбегі отандық мәдениеттің көкжиегін кеңейтуге ықпал еткені айтылған.
Еске салайық, белгілі театр режиссері әрі педагог Есмұхан Обаевтың қайтыс болғаны 16 сәуірде белгілі болды.
Есмұхан Обаевтың өмірбаяны Есмұхан Обаев 1941 жылғы 23 маусымда Алматы облысы Кеген ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Алма-Атин мемлекеттік консерваториясын Асқар Тоқпанов сыныбы бойынша тәмамдаған.
Ол Қазақ мемлекеттік драма театрында режиссер болып жұмыс істеген, Мәскеудегі МХАТ-та тағылымдамадан өткен, Абай атындағы Семей драма театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері болған.
Кейін Т. Жүргенов атындағы Алматы театр-көркемөнер институтының ректоры, Қазақстанның мәдениет министрінің орынбасары қызметтерін атқарған. Сондай-ақ М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрын басқарған (2001–2013).
Есмұхан Обаев ондаған спектакль қойған. Олардың қатарында «Абай», «Қарагөз», «Айман – Шолпан», «Ревзор», «На дне», «Укрощение строптивой» және басқа да қойылымдар бар.


