Маңғыстау облысында Бекет-Ата маңында батпаққа батқан 7 адам құтқарылды

Маңғыстау облысында 7 адам құтқарылды

Кеше Қарақия ауданы аумағында, Жаңаөзен қаласынан 137 шақырым жерде орналасқан Бекет-Ата жерасты мешіті маңында төрт адамды іздестіру мақсатында іздестіру-құтқару жұмыстары ұйымдастырылды.
Белгілі болғандай, азаматтар автокөлікпен Бекет-Ата жерасты мешітіне жолға шыққан. Жолда олардың көлігі батпақты массаға батып қалып, салдарынан өздігінен қозғалысты жалғастыра алмай, байланысқа шыға алмаған. Адамдардың жоғалғаны туралы туыстары «112» пультіне хабар берген.
Бүгін жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде барлық төрт адам «Қазавиақұтқару» ТЖМ тікұшағының көмегімен әуеден Бекет-Ата жерасты мешітінен шамамен 30 шақырым қашықтықта анықталып, аман-есен құтқарылды.
Сонымен қатар, жүргізілген жұмыстар барысында автокөлікпен жолға шығып, Бекет-Ата жерасты мешітінен 20 шақырым жерде батпаққа батып қалған тағы үш адам эвакуацияланды. Барлық эвакуацияланған азаматтар әуе кемесімен Бекет-Ата маңындағы қону алаңына жеткізілді. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.


