Бибисара Асаубаева үміткерлер турнирінде екінші орын алып, шамамен 24,7 млн теңге ұтты

Қазақстандық шахматшы, әлем чемпионы Бибисара Асаубаева әйелдер арасындағы үміткерлер турнирінде екінші орын алып, шамамен 25 миллион теңге табыс тапты.
22 жастағы қазақстандық спортшы бұл мәртебедегі турнирге қатысып, екінші орынға қол жеткізген Қазақстанның алғашқы өкілі болды. Асаубаева соңғы турға дейін көшбасшылық үшін күресіп, Үндістан өкілі Вайшали Рамешбабудан небәрі жарты ұпайға қалып қойды.
Әйелдер арасындағы үміткерлер турнирінің регламентіне сәйкес, наурыз айының соңынан бастап Кипрде өткен жарыста күміс жүлдегер 17 мың еуро алады, сондай-ақ әрбір жарты ұпай үшін ұтысына 2 200 еуродан қосылады.
Бибисара Асаубаева 8 ұпай жинап, 17 мың еуроға қосымша 35 200 еуро тапты. Осылайша, қазақстандық шахматшының жалпы ұтысы 52 200 еуро, немесе 24 миллион 700 мың теңге болды.
Үміткерлер турнирі шахмат әлеміндегі ең беделді жарыс ретінде аталады. Онда Қытайдан шыққан қазіргі чемпион Цзюй Вэньцзюньді қоспағанда, әлемнің сегіз үздік шахматшысы ойнайды. Турнирдегі жеңіс қазіргі титул иесімен шахмат тәжіне таласатын матч өткізу құқығын береді.
Турнир екі жылда бір рет өтеді. Оған жолдама алу үшін Әлем кубогында жүлделі орын алу, ФИДЕ Гран-приін екі маусымның бірінде жеңіп алу, "Үлкен швейцаркада" үздіктер қатарына ену немесе рейтинг арқылы іріктелу қажет.
Бұған дейін Бибисара Асаубаева турнирлерге дайындық кезіндегі шығындары туралы сұхбатында айтып өткен.
Бибисара Асаубаева — блиц шахматтан үш дүркін әлем чемпионы. Соңғы рет қазақстандық шахматшы турнирді 2025 жылдың соңында жеңіп алған. Дәл осы жеңістің арқасында ол маусымның басты турниріне қатысушылар қатарына енді.


