Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия – Қытай форматындағы ішкі істер министрлерін қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға «Орталық Азия – Қытай» форматындағы салалық ведомстволардың екінші кездесуіне қатысу үшін келген ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерін қабылдады.

Кездесуге ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрі Ван Сяохун, Қырғызстанның ішкі істер министрі Ұлан Ниязбеков, Тәжікстанның ішкі істер министрі Рамазон Рахимзода, Түрікменстанның ішкі істер министрі Мұхаммет Хыдыров және Өзбекстанның ішкі істер министрі Әзіз Ташпулатов қатысты.
Тараптар аймақтық қауіпсіздік, трансұлттық қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына, киберқылмысқа, экстремизмге және адам саудасына қарсы күрес мәселелерін талқылады.
Тоқаев Орталық Азия мен Қытайдың құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс икемді және интеграцияланған болып келеді, ал киберқылмыс миллиардтаған доллар шығын келтіретін жоғары табысты жаһандық индустрияға айналды. Сондай-ақ Президент қазіргі қауіп-қатерлерге тиімді қарсы тұру үшін күш біріктіру, ақпарат алмасу, заманауи технологияларды енгізу және институционалдық өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін айтты.
Киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тоқаев ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыс шекараны мойындамайтынын, ал жасанды интеллект деструктивті күштердің қолында қуатты ақпараттық қаруға айналуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк ағындарының өсуіне байланысты контрабанда, есірткі мен қарудың заңсыз айналымы қаупін атап өтті. Президент аймақтық қауіпсіздіктің тиімді жүйесін құру үшін «Орталық Азия – Қытай» форматының әлеуетін іске асыру қажеттігін көрсетті.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар практикалық өзара іс-қимылды кеңейту, жедел ақпарат алмасуды нығайту және Орталық Азия мен Қытайдың құқық қорғау органдарының ынтымақтастығын дамыту ниетін растады.


