Бибисара Асаубаева үміткерлер турнирінің алғашқы екі турында тең ойнап, кестеде бірінші орынға шықты

Қазақстандық блиц бойынша әлем чемпионы Бибисара Асаубаева үміткерлер турнирінің алғашқы екі турында жинаған нәтижесі бойынша турнир кестесінде бірінші орынға шықты.
Асаубаева Қазақстан тарихында алғаш рет шахмат тәжіне таласатын матчқа жолдама беретін ойыншылар қатарына іріктелген шахматшы атанды. Сонымен бірге ол турнирдегі алғашқы ұпайларын да еншілеп үлгерді.
Бірінші турда қазақстандық шахматшы Үндістан гроссмейстері Рамешбабу Вайшалимен тең ойнады. Екінші турда ол Ресейдің әлем чемпионы Александра Горячкинамен де тең түсті.
Енді Бибисараға қытайлық Чжу Цзиньэрмен матч күтіп тұр. Ойын бүгін, 31 наурызда өтеді.
Алғашқы екі турдан кейін турнирде ерекше жағдай қалыптасты: барлық матчтар тең аяқталды. Соның нәтижесінде сегіз шахматшының әрқайсысында 1 ұпайдан бар, ал кестедегі орын бір мезетте бірінші де, сегізінші де болып есептеледі.

Үміткерлер турнирі — шахмат әлеміндегі ең беделді жарыстардың бірі. Ондағы жеңіс қазіргі әлем чемпионымен әлем чемпиондығы атағы үшін матч өткізу құқығын береді.
2026 жылы турнир Кипрде өтіп жатыр. Қатысушылар бір-бірімен екі айналым ойнап, жалпы 14 матч өткізеді.
Бибисара Асаубаева бұл турнирге іріктелудің күрделі екенін атап өткен. Оның айтуынша, жарыс екі жылда бір рет өтеді және оған шақыру арқылы қатысу мүмкін емес — тек әлемнің сегіз үздік шахматшысы ғана қатысады. Ол барлық қарсыластарымен бұған дейін көп партия ойнағанын, жақсы командасы барын және лайықты нәтиже көрсетуге үміттенетінін айтқан.
Турнир мәртебеден бөлек, қаржылай сыйақы да әкелуі мүмкін: жеңімпазға 28 мың еуро, екінші орынға 17 мың еуро, үшінші орынға 8 мың 600 еуро қарастырылған. Бұған қоса, әр жиналған жарты ұпай үшін ойыншылар 2 мың 200 еуро алады.
Осылайша, Бибисара Асаубаева қазірдің өзінде 4 мың 400 еуро — шамамен 2,4 миллион теңге тапты.
Бибисара Асаубаева — блиц шахматынан үш дүркін әлем чемпионы. Соңғы рет ол турнирді 2025 жылдың соңында жеңіп алған. Дәл осы жеңіс оған маусымның басты турниріне қатысушылар қатарына енуге мүмкіндік берді.


