Қазақстанда «жасыл» экономика жобалары іске асырылып жатыр: БРК қаржыландыратын бастамалар аталды

Қазақстанда «жасыл» экономиканы дамытуға бағытталған жобалар іске асырылуда. Өңірлік экологиялық саммит қарсаңында Қазақстанның Даму банкі (БРК) елдің төменкөміртекті модельге көшуін жеделдететін қаржыландырылатын жобалар туралы ақпарат ұсынды.
Банктің мәліметінше, бүгінде БРК қатысуымен жаңартылатын энергия көздері бойынша 800 мегаваттан астам қуат пайдалануға берілген.
БРК өкілдері «іс жүзінде әрбір төртінші “жасыл” мегаватт банк қолдауының арқасында пайда болды» деп атап өтті. Қолдау тапқан ірі жобалардың қатарында:
- Хромтау ЖЭС (ВЭС) — 150 мегаватт
- «Sarkylmas Kuat» ЖЭС (ВЭС) — 50 мегаватт
- Mistral және EcoProTech күн электр станциялары
- Тұрғұсұн және Басқан өзендеріндегі ГЭС жобалары
Банк бұл бастамалардың географиясы кеңейіп, жаңа энергетикалық базаны қалыптастырып жатқанын, сондай-ақ қарастыруда жаңартылатын энергия көздері бойынша жаңа гигаватттық жобалар бар екенін хабарлады.
Сонымен бірге БРК маңызды инфрақұрылымды жаңғыртуды да қаржыландырып отыр. Оның ішінде Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарын газға көшіру жобалары бар. Банктің пікірінше, қуаты жоғары бұл жобалардың іске қосылуы мегаполистегі ауа сапасын түбегейлі жақсартуға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп саласында да ұқсас өзгерістер жүріп жатыр: БРК «Qarmet» АҚ-ның жаңғырту бағдарламасын қаржыландырып, кәсіпорынның көмірден газға көшуін қамтамасыз еткен. Бұл, банк мәліметінше, атмосфераға бөлінетін күкірт пен қатты бөлшектердің шығарындыларын тікелей азайтады.
Экологиялық отын бағыты бойынша да жобалар аталды. BioOperations зауыты жылына 200 мың тоннадан астам бидайды өңдеп, отандық биоэтанолды Еуропаға, АҚШ-қа және ТМД елдеріне экспорттайды. Сондай-ақ БРК мәліметінше, қуаты жылына 97,6 мың тонна болатын елдегі алғашқы алкилата өндірісін іске қосу Қазақстанның Евро-5 жоғары стандартты отынға көшуін қамтамасыз етеді.
Экологиялық трансформация қалаларды да қамтып отыр. Банктің хабарлауынша, Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 342 электробус сатып алу және тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 22 жоба 89 млрд теңге сомасына қаржыландырылған. БРК бағалауынша, бұл елдегі қоқысты сұрыптау үлесін 40%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Экологиялық стандарттар «Маслодел‐Петропавловск» және QazaqAstyq Group сияқты кәсіпорындарда да енгізіліп жатыр: онда көмірдің орнына өздерінің биотыны қолданылып, қалдықсыз өндіріс қамтамасыз етіледі.
Бұдан бөлек, БРК елдегі Жасыл климат қорының аккредитациясын алған алғашқы қаржы институты болғанын атап өтті. Бұл банк қолдайтын бастамалардың ашықтығы мен маңыздылығын көрсетеді.
БРК пікірінше, мұндай инвестициялар болашақ ұрпақтың технологиялық әрі таза елде өмір сүру құқығын қалыптастырады және экономикалық прогрестің табиғатпен тепе-теңдігін сақтауға бағытталған.
Жобалар туралы толығырақ — бейнероликте.


