Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының су ресурстары жөніндегі арнайы елшісі Ретно Марсудимен кездесті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының су ресурстары жөніндегі арнайы елшісі Ретно Марсудиді қабылдады.
Кездесу барысында жаһандық және өңірлік су күн тәртібіне қатысты негізгі мәселелер талқыланды.
Мемлекет басшысы Қазақстан үшін су ресурстары тұрақты даму, экологиялық қауіпсіздік және өңірлік тұрақтылықпен тікелей байланысты стратегиялық ресурс екенін атап өтті.
Сондай-ақ Тоқаев су саласындағы ынтымақтастықтың анағұрлым тиімді халықаралық архитектурасын қалыптастырудың ерекше маңызын айтты.
Осы контексте Президент БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасына тоқталды. Оның айтуынша, бұл қадам су ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған жаһандық күш-жігерге жаңа серпін беріп, халықаралық үйлестіруді нығайтуға және су мәселелеріне байланысты сын-қатерлерге жауап ретінде тұрақты шешімдерді ілгерілетуге тиіс.
Алдағы Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит аясында аталған құрылымды қалыптастырудың ықтимал параметрлері мен перспективаларын нақты талқылауға бағытталған халықаралық консультациялардың бірінші раундын бастау жоспарланып отыр.
Кездесуде 2026 жылғы желтоқсанда Абу-Дабиде өтетін БҰҰ-ның су ресурстары жөніндегі конференциясының рөлі де атап өтілді. Бұл жиын су проблемаларын шешуге қатысты келісілген тәсілдерді әзірлеуге арналған маңызды платформа ретінде қарастырылады.
Тараптар Орталық Азия өңірінде су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне де ерекше назар аударды.


