Ақорда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін алдағы іс-шаралар туралы анонс жариялады

Ақорда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін алдағы іс-шаралардың анонсын жариялады.
20–23 сәуір аралығында Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух мемлекеттік сапармен келеді.
Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту перспективалары талқыланады.
22–24 сәуір күндері Астана Өңірлік экологиялық саммитті қабылдайды. БҰҰ қамқорлығымен құрылған жаңа диалог алаңы Орталық Азияның тұрақты дамуы бойынша ортақ көзқарасты қалыптастыруға, сондай-ақ климаттық және экологиялық сын-қатерлерге қатысты бірлескен шешімдер әзірлеуге бағытталған.
Іс-шараға бірқатар елдердің мемлекет және үкімет басшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысады.
22 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Аралды құтқару халықаралық қорының құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтеді.
Бұған дейін 17 сәуірде Тоқаевтың Реджеп Тайип Ердоғанның шақыруымен Түркияға жұмыс сапарымен баратыны хабарланған болатын. Қазақстан Президенті Анталия дипломатиялық форумының ашылуына қатысып, панельдік сессияда сөз сөйлейді. Сондай-ақ бірқатар екіжақты кездесулер өткізу жоспарланған.


