Солтүстік Қазақстан облысында кәріз станциясында газдан уланған екі жұмысшы қаза тапты

Солтүстік Қазақстан облысында кәріз станциясында газдан улану салдарынан екі жұмысшы қаза тапты.
Оқиға 22 сәуір күні күндіз Айыртау ауданы Саумалкөл ауылындағы кәсіпорында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, кәсіпорынның 1978 жылы туған электригі мен 1976 жылы туған слесарі күкіртсутек пен метаннан уланып, оқиға орнында көз жұмған. Жедел жәрдем дәрігерлері кәріз сорғы станциясында газдардың уытты әсерінен болған өлімді тіркеген.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті бұл факті бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, 22 сәуір күні Саумалкөл ауылындағы кәріз сорғы станциясында жөндеу жұмыстары кезінде мердігер ұйымның екі қызметкері қаза тапқан. Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған.
Аймақта өндірісте жұмысшылардың қаза табуы алғаш рет тіркеліп отырған жоқ.
- 2022 жылғы қыркүйекте Петропавл қаласында құрылыс нысаны маңындағы су құбыры құдықтарын тазалау кезінде 18, 20 және 28 жастағы үш жұмысшы буланудан зардап шеккен. 20 жастағы жігіт оқиға орнында қайтыс болып, қалған екеуі медициналық мекемелерге жеткізілген.
- 2023 жылғы тамызда СҚО Тайынша ауданында шошқа кешенінің төрт жұмысшысы ауысым соңында жұмыс орнынан шықпаған. Кейін белгілі болғандай, олар тереңдігі сегіз метр болатын кәріз жинағышын тазалау кезінде қауіпті буланудан қаза тапқан.
- 2025 жылғы ақпанда Петропавл қаласында кәріз коллекторында жөндеу жұмыстары кезінде газ жарылысынан бес жұмысшы ауыр жарақат алған.


