Солтүстік Қазақстандағы Сергеев су қоймасы толып, бөгеттен асып төгілді

Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасы толып, жағасынан асып шықты. Қазір бөгет арқылы төгіліп жатқан судың деңгейі шамамен 20 сантиметрге жетеді.
Ағын уақыт өте күшейіп келе жатқандықтан, маман-гидрологтар әр 2–3 сағат сайын болжам жасап, жағдайды мұқият бақылауда ұстап отыр.
Биыл стратегиялық нысан 2,6 миллиард текше метр суды қабылдайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға төмен екені айтылды.
Соңғы күндері өңірде ауа райы күрт жылып, қардың басым бөлігі еріп кеткен. Соның салдарынан шағын өзендер толығып, облыста дайындық жұмыстары күшейтілді. Тасқынның алдын алу үшін барлық күш пен техника жұмылдырылған.
Құтқарушылардың бақылауында 112 елді мекен бар. Жыл сайын Есіл өзені тасығанда қатынасы үзіліп қалатын Прибрежное ауылында жақын күндері жедел штаб құрылатыны хабарланды.
Қазгидромет филиалы бөлімінің басшысы Даурен Қосшығұловтың айтуынша, Петропавл қаласы маңында су деңгейінің көтерілуі 8 және 9 сәуірге қарай басталып, 1 мамырға дейін жалғасады. Сондай-ақ облыстың барлық өзендерінде мұз жамылғысының әлсіреуі байқалады.
Оның сөзінше, су деңгейі көтерілген кезде мұз қатпарының бұзылып, мұз жүруі басталуы күтіледі. Бұл мұз кептелістерінің пайда болу қаупін сақтап, су деңгейінің жергілікті жерлерде қауіпті мәндерге дейін көтерілуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар еріген қар суынан қауіп сақталып, автожолдарда су асып төгілуі ықтимал. Даурен Қосшығұлов Солтүстік Қазақстан облысында тасқынның шарықтау шегі әлі өтпегенін де атап өтті.


