«ҚазАвтоЖол» жол жабынының сапасы және сапасыз битум туралы қауесеттерге жауап берді

СЦК-де өткен брифингте журналистер «ҚазАвтоЖол» басқарма төрағасы Дархан Иманашевтен жол жабынының сапасына қатысты шағымдар және асфальттың тез бұзылуы сапасыз битумға байланысты деген нұсқа жөнінде сұрады.
Бұған дейін бұл мәселені депутаттар мен бірқатар сарапшылар бірнеше рет көтеріп, материалдың бір бөлігі стандарттарға сәйкес келмеуі мүмкін екенін айтқан.
Материал сапасы қалай тексеріледі Иманашевтің сөзінше, материал сапасына қатысты мәселе жоқ, өйткені олар бірнеше тексеру кезеңінен өтеді. Атап айтқанда:
- алдымен жеткізуші сәйкестік сертификатын ұсынады;
- материал нысанға жеткізілгеннен кейін қосымша зертханалық кіріс бақылауы жүргізіледі.
Сондай-ақ ол битум асфальтбетон зауытында қолданылар алдында қайта тексерілетінін, ал өндіріс барысында дайын асфальтбетон қоспасы бағаланатынын айтты.
Жол жағдайына шағымдар көбейді Еске салайық, қазақстандықтар жолдар мен көшелердің жағдайына жиі шағымдана бастаған. Шағым саны 1,5 есеге артып, шамамен 60 мыңға жеткен. Үкімет басшысы Олжас Бектенов әкімдіктерге жедел жұмыс істеп, жөндеу сапасына бақылауды күшейтуді тапсырды.
Премьер бұзушылықтарға мысал ретінде Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы тұрғындарының шағымын келтірді: адамдар Жұрын мен Қаракөл ауылдарының арасындағы жолдағы асфальттың қолда үгітіліп жатқанын көрсеткен. Ал Жетісу облысында Кербұлақ ауданы Қоянкөс ауылының тұрғындары төсеу технологиясы бұзылғандықтан жол жұмыстарын тоқтатуға қол жеткізген.


