Жанибек Алимханулының командасы WBO-ға берілген дисквалификацияға қатысты апелляциядан үміт үзбейді

Орта салмақтағы қазақстандық әлем чемпионы Жанибек Алимханулының командасы WBO-ға берілген апелляция бойынша оң нәтиже шығуына үміттеніп отыр.
WBO (Дүниежүзілік бокс ұйымы) президенті Густаво Оливьери бұрынғы пуэрторикалық боксшы, қазіргі журналист Сесар Сэдомен сұхбатында Алимханулы командасының боксшының дисквалификациясына қатысты апелляция тапсырғанын мәлімдеді.
"Жанибек және оның командасы дисквалификацияға апелляция берді, қазір ол қаралу үстінде. Олар дисквалификациямен келіспейді және оны шағымдануға заңды құқығы бар. Бізде ішкі әкімшілік шағымдану процесі бар: заңгерлер мен лицензияланған мамандардан тұратын комиссия судья рөлін атқарып, түпкілікті шешім қабылдайды", – деді WBO президенті Густаво Оливьери.
Алимханулының дисквалификациясы WBA чемпионы Эрисланди Лараға қарсы жекпе-жектің тоқтатылуына әкеліп, кейін қазақстандық боксшының IBF (Халықаралық бокс федерациясы) нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағынан айырылуымен аяқталды.
Бұл жағдай оның біріккен чемпион мәртебесін тоқтатты, алайда WBO аясындағы мойындалуы сақталған.
Оливьеридің айтуынша, шағымдар мен талап-арыздар комитеті апелляцияны белсенді түрде қарастырып жатыр. Сонымен бірге дивизионның белсенділігін сақтау үшін уақытша чемпиондық белбеу құрылымы сақталып отыр.
WBO президенті қазақстандық боксшыға салынған дисквалификацияның толық алынуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
"Бізге түпкілікті шешімді күту керек. Ол расталуы, өзгертілуі немесе толықтай күшін жоюы мүмкін", – деп толықтырды Оливьери.
Егер Алимханулы апелляцияда жеңіске жетсе, WBO қазақстандық чемпион мен WBO-ның қазіргі уақытша белбеу иегері Дензел Бентли арасындағы тікелей жекпе-жекке жылдам көшуі мүмкін.
Бұл жағдайда чемпионмен айқасқа міндетті үміткер ретінде қарастырылып жүрген Йоэнлис Эрнандес келесі үміткер мәртебесінде қалып, чемпиондық жарыстың нәтижесін күтеді.
Жанибек Алимханулы төңірегіндегі допинг-скандал Еске салсақ, 2025 жылғы желтоқсанда Кубадан шыққан Эрисланди Лараға қарсы үш титул үшін өтетін жекпе-жекке бірнеше күн қалғанда қазақстандық чемпион допинг қолданды деген айыпқа ілінді. Тыйым салынған заттар сынамалардың бірінен анықталып, соның салдарынан титулдық жекпе-жек тоқтатылды.
2026 жылдың басында B сынамасын ашу рәсімі жүргізіліп, допингтің бар екені расталды.
Осыдан кейін WBO Жанибекке бір жылдық дисквалификация жариялады, бірақ оны чемпиондық белбеуден айырған жоқ.
Ал IBF өз шешімін 10 наурызда шығарды: бұл ұйымның регламентіне сәйкес Алимханулы чемпиондық өкілеттігін тапсыруға мәжбүр болды.
Бұған дейін Жанибек Алимханулының IBF рейтингінен түсіп қалғаны да хабарланған.


