Қазақстан мен Моңғолия президенттері тар құрамда келіссөздер өткізді

Қазақстан мен Моңғолия президенттері тар құрамда келіссөздер өткізді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтар мен моңғолдарды ортақ тарих пен бір тамыр, көшпелі өркениеттердің мұрагерлері ретінде байланыстыратынын айтты. Оның сөзінше, екі халық ғасырлар бойы жақын көрші болып, өмір салты мен дәстүрлері ұқсас болған, ал бүгінгі достықтың негізінде осы мәңгі құндылықтар жатыр.
Президент қазіргі уақытта екі елдің ынтымақтастығы стратегиялық әріптестік рухында дамып жатқанын, мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық байланыстар нығайып келе жатқанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президентінің жеке үлесінің арқасында қарым-қатынастар жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын жоғары бағалайтынын жеткізді.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Моңғолияда оң өзгерістер жүріп жатқанын айтып, өткен жылы ел экономикасы 6,8 пайызға өскенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жетістік Президенттің саясатының нәтижесінде мүмкін болған. Тоқаев Моңғолияда Vision-2050 мемлекеттік дамудың кешенді жоспары жүзеге асырылып жатқанын және жаңа Хархорум қаласының құрылысы басталғанын айтып, осы жобаларды іске асыруға табыс тіледі. Сонымен бірге, Моңғолияның халықаралық беделі айтарлықтай нығайғанын атап өтіп, бауырлас елдің жетістіктеріне шынайы қуанышын білдірді.
Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстанға жиырма жылдан кейін мемлекеттік сапармен келу мүмкіндігіне қуанышты екенін айтты. Ол Қазақстан Президентінің 2024 жылы Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапары моңғол-қазақ қатынастарын стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейіне көтергенін атап өтіп, бұл оқиға екіжақты ынтымақтастық тарихына «алтын әріптермен» жазылатынын айтты.
Хурэлсухтың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда экономика мен әлеуметтік-саяси салада елеулі жетістіктерге қол жеткізілген, ал моңғол халқы Қазақстанның табыстарын мұқият бақылап отыр. Ол 2024 жылғы сапар барысында оннан астам құжатқа қол қойылғанын, ал қазіргі мемлекеттік сапар аясында да бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылатынын мәлімдеді.
https://t.me/chinovnik_kz


