Мексикадағы Теотиуакан пирамидалары маңында атыс болды: Канада азаматы қаза тапты, бірнеше шетелдік жараланды

Мексикадағы туристер көп баратын Теотиуакан археологиялық аймағында қарулы ер адам оқ атты. Елдің қауіпсіздік министрлігінің мәліметінше, ол бір әйелді өлтіріп, тағы бірнеше адамды жаралағаннан кейін өз-өзіне қол жұмсаған.
Полиция оқиға орнынан атыс қаруын, суық қаруды және оқ-дәрілерді тәркілегенін хабарлады.
Штат билігінің дерегінше, кемінде алты адам жарақат алған: төртеуі — оқ жарақатын, екеуі — құлау салдарынан жарақат алған. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Әлеуметтік желілерде атыстан кейін адамдардың аумақтан жаппай кетіп жатқанын көрсететін видеолар пайда болды.
Мехико штатының қауіпсіздік хатшысы Кристобаль Кастаньеданың айтуынша, жараланғандардың арасында Колумбияның екі азаматы, Канаданың бір азаматы және Ресейдің бір азаматы бар. Ол журналистерге жағдайдың бақылауда екенін айтты.
Анықтама: Теотиуакан — Мехико штатындағы ірі археологиялық ескерткіш әрі туристік бағыт. ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра нысаны саналатын кең археологиялық аймақта көптеген ескерткіш, соның ішінде екі биік пирамида бар.
Мексика президенті Клаудия Шейнбаум федералдық, өңірлік және жергілікті билік органдары жаппай атысқа байланысты шаралар қабылдап жатқанын мәлімдеді.
"Бүгінгі Теотиуакандағы оқиға бізді қатты күйзелтті. Мен зардап шеккендер мен олардың отбасыларына шынайы қолдауымды білдіремін. Біз Канаданың елшілігімен байланыстамыз", — деді ол.
Мексиканың Сыртқы істер министрлігі басқа елшіліктермен де байланыста екенін және зардап шеккен шетел азаматтарына қажетті қолдау көрсету бағытында жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады.
Оқиға Мексика әлемдік қоғамдастықтың назарында тұрған кезеңде болды: елде осы жазда футболдан әлем чемпионатына миллиондаған қонақты қабылдауға дайындық жүріп жатыр.
Еске салайық, 2026 жылғы ақпанда Мексикада ықпалды "Халиско — Жаңа ұрпақ" есірткі картелінің басшысы Немесио Осегера Сервантес (Эль Менчо) өлтірілген. Ол әскери операция кезінде күштік құрылым өкілдері тарапынан атылған. Осыдан кейін елде зорлық-зомбылық толқыны күшейген.


