Алматыда «Медеуге» автокөлікпен кіруді шектеу мүмкіндігі талқыланып жатыр

Алматыда «Медеуге» автокөлікпен кіруді шектеу мүмкіндігі талқыланып жатыр. Бұл туралы брифингте Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин айтты.
Оның сөзінше, «Медеу» нысанын реконструкциялау жұмыстарына байланысты тұрақ орындарын ұйымдастыру мәселелері де қатар пысықталуда.
«Сіздер білесіздер, қазір «Медеу» реконструкциясы жүріп жатыр, осыған байланысты реконструкция жобасы аясында қосымша тұрақ орындарын орналастыру мәселелері қарастырылуда. Сонымен қатар төменгі бөлікте, «Медеуге» жетпей, көліктердің жоғары көтерілуін шектеу мүмкіндігі бойынша да тексерулер жүргізіліп жатыр», — деді ол.
Еркебұлан Оразалиннің айтуынша, тұрақ орындары мен шектеулерге қатысты нақты шешімдер жазға қарай белгілі болады.
«Осы тексерулердің қорытындылары мен түпкілікті шешімдерді күтейік. Менің ойымша, жазға қарай олар дайын болады, сонда қандай шешімдер күтілетінін нақтырақ айтуға болады», — деді ол РСК-дегі брифингте.
Сондай-ақ ол «Медеуге» кіруді күндер бойынша шектеу жоспарланбайтынын атап өтті.
«Бірақ «Медеуге» дейінгі бес шақырым радиуста төменгі бөлікте қосымша көлік ауыстырып міну торабын ұйымдастыру тәжірибелері қолданылуы мүмкін», — деп түсіндірді спикер.
Оразалиннің айтуынша, биік таулы «Медеу» мұз айдынына кіреберістің оң жағында қараусыз қалған ғимарат бар, ол қосымша тұрақ ұйымдастыру үшін қарастырылып отыр. Бұл жағдайға қатысты толығырақ ақпаратты кейінірек жариялауға уәде берді.
Жалпы, «Медеудегі» тұрақты кеңейту жоспарланып отыр: шешімдер реконструкция аясында, оның ішінде іргелес аумақтарды пайдалану мүмкіндігін ескере отырып пысықталуда.
Көлік қозғалысына қатысты шектеулер әзірге бекітілген жоқ. Соның ішінде көліктердің жоғары көтерілуін ықтимал шектеу мәселесі бойынша түпкілікті шешімдер жазға қарай күтіледі.
Еске салайық, бұған дейін әкімдік баспасөз қызметі «Медеудегі» реконструкция жұмыстарын 2025 жылдан 2027 жылға дейінгі кезеңде жүргізу жоспарланғанын хабарлаған болатын.


