Дональд Трамп: Иранмен бітім тоқтаса, «жаппай бомбалау» болуы мүмкін

АҚШ президенті Дональд Трамп журналистерге Иранмен жасалған бітімнің күші тоқтаған жағдайда «жаппай бомбалау» болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қашан және қай жерде болатыны нақтыланбады.
Журналистің: «Егер бітім ертең кешке аяқталса не болады?» деген сұрағына Трамп қысқа жауап берді:
«Онда жаппай бомбалау басталады», — деді Дональд Трамп.
Трамптың айтуынша, АҚШ Исламабадтағы келіссөздерге қатысуды жоспарлап отыр. Ол жерде Иран өкілдері бола ма, жоқ па — белгісіз екенін айтты. Дегенмен, Трамп атап өткендей, негізгі мәселе өзгермейді: Иранда ядролық қару болмауы тиіс.
Сонымен қатар Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде Иранмен әскери қақтығыс туралы кезекті рет пікір білдірді. Саясаткердің сөзінше, соғыстың басталуына түрткі болған себеп — 2023 жылғы қазан оқиғалары. Ол «фейк жаңалықтарға» қатысты түсінбейтінін жазып, кейбір авторлар басқа себептерді алға тартады деп мәлімдеді.
«Израиль мені Иранмен соғысқа ешқашан итермелеген жоқ — бұған мені 7 қазанның салдары, сондай-ақ менің бұрыннан келе жатқан ұстанымым алып келді: Иран ешқашан ядролық қаруға ие болмауы тиіс», — делінген хабарламада.
АҚШ президентінің пікірінше, егер Иранда режим ауысқан жағдайда елдің жаңа басшылары «ақылды» болып шықса, онда Иранның «ұлы әрі гүлденген болашағы» болуы мүмкін.
Бұған дейін Иран Оман шығанағында Ислам Республикасының туы ілінген жүк кемесіне АҚШ жасаған шабуылды бітімді бұзу деп атады. Тегеран билігінің мәлімдеуінше, бұған жауап ретінде Иран америкалық әскери кемелерге дрондармен соққы жасаған.
Осыған дейін Дональд Трамп Truth Social желісінде жексенбі күні АҚШ-тың әскери-теңіз күштері Оман шығанағында Иран туы ілінген TOUSKA жүк кемесін ұстағанын жазған. Оның айтуынша, кеме Вашингтон енгізген Иран порттарының теңіз блокадасын айналып өтпек болған. Трамптың мәлімдеуінше, ирандық экипаж бағынудан бас тартқаннан кейін америкалық зымырандық эсминец кемені тоқтатып, машина бөліміне тесік түсірген. Қазір кеме АҚШ теңіз жаяу әскерінің бақылауында екені айтылды.


