Дональд Трамп Иранға қарсы теңіз блокадасы мүмкін екенін меңзеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы теңіз блокадасын енгізу мүмкін екенін меңзеді. Ол бұл туралы Truth Social әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында ишара білдірді.
Трамп Just The News ресурсының материалына сілтеме бөліскен. Онда Венесуэлаға қатысты әскери-теңіз блокадасы елдің мұнайдан түсетін кірісін «тұншықтырғаны» айтылған.
Материал авторы «Иран сенбі күні АҚШ ұсынған түпкілікті келісімді қабылдаудан бас тартса, Трамп уәде еткендей, Тегеранды бомбалау арқылы “тас дәуіріне” жіберуі мүмкін. Немесе ол өзіне сәтті болған блокада стратегиясын қайталап, онсыз да әлсіз иран экономикасын тұншықтырып, Қытай мен Үндістанға дипломатиялық қысымды күшейте алады — олардың мұнайдың негізгі көздерінің бірін жабу арқылы», — деп жазады. Мақала атауы: «Иран ымыраға келмесе, президент Трамптың қолындағы козырь: теңіз блокадасы».
Бұған дейін Дональд Трамп Иранның «козырі» жоқ екенін, тек Ормуз бұғазы арқылы бүкіл әлемді қысқа мерзімді шантаж жасау мүмкіндігі барын мәлімдеген.
Иран мен АҚШ келіссөздері
Кеше Пәкістан астанасы Исламабадта АҚШ пен Иран делегацияларының тікелей келіссөздері басталды. АҚШ делегациясын келіссөздерде вице-президент Джей Ди Вэнс басқарды, құрамында сондай-ақ Ақ үйдің арнайы өкілі Стив Уиткофф және Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер болды. Иран делегациясын парламент спикері Мохаммед Багер Галибаф басқарды, құрамына сыртқы істер министрі Аббас Арагчи кірді.
Келіссөз нәтижесі нөлдік болды: қандай да бір келісімге қол жеткізілген жоқ. Мұны ирандық та, америкалық та тарап мәлімдеді.


