Елордада тұрақты жылынуға байланысты жылу беру тоқтатылады

Елорда әкімдігі тұрақты жылыну мен қолайлы температураның орнауына байланысты жылу беруді тоқтататынын хабарлады.
Жылуды өшіру процесі бірнеше кезеңмен жүзеге асады. Алдымен орталық жылудан тұрғын үйлер ажыратылады, одан кейін әлеуметтік инфрақұрылым нысандары — денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет мекемелері кезең-кезеңімен өшіріледі.
Қала әкімшілігі өткен жылыту маусымы штаттық режимде өткенін атап өтті. Қаланың жылу желілері мен энергетикалық нысандарында елеулі ақаулар тіркелмеген, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері тұрақты жұмыс істеген.
Жылыту маусымын дайындау және өткізу қағидаларына сәйкес, оны аяқтау туралы шешім көшедегі ауаның орташа тәуліктік температурасы бес күн қатарынан +10 °C-тан жоғары деңгейде сақталған кезде қабылданады.


